25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алла берген төлқұжат

Алла берген төлқұжат

Дін және ғылым
Жарнама

Құранның мұғжизасына тәнті болу адамзаттың ішінде біздің үмметтің пешене тәлейіне бұйырған нығмет болса керек. Сонау Хира үңгірінде басталған алғашқы уахиден бермен адам ақылы жете бермейтін әр саланы қамтыған неше ондаған, неше жүздеген ғажайыптарға куә болудамыз.

Кейбір жетістіктер бүгінде озық технологиялық үрдіс ретінде адамзат өркениетіне қызмет етуде. Алайда, мұғжизаға толық Құранның сыры ашылып бітер емес. Технологиялық дамудың әрбір кезеңі өз кезегінде аяттардағы адамның ақыл күші жетпеген мазмұндарды өз мүмкіндігімен тәпсірлеуде. Соның бірі – адам саусақтарының ізі.

Бұл туралы Қасиетті Құран аяттарында мынадай баяндаулар бар:

أَيَحْسَبُ الْإِنسَانُ أَلَّن نَّجْمَعَ عِظَامَهُ  بَلَىٰ قَادِرِينَ عَلَىٰ أَن نُّسَوِّيَ بَنَانَهُ 

«Адам баласы, Біз сүйектерін жинай алмайды деп ойлай ма? Әрине оны саусақтарының ұшына дейін қайта жасай аламыз.» («Қиямет» сүресі, 3-4 аяттар).

Әлемдердің Раббысы не үшін саусақтың ұшын тілге тиек етті? Онда нендей сыр болуы мүмкін. Қолымызға түскен мәліметтер мен ағылшын, орыс тілдеріндегі ғаламтор жазбаларындағы ғылыми деректер бойынша зерттеп көруге тырыстық.

64 миллиардтан бір сәйкестік

Адамның саусақ іздері ана құрсағындағы нәрестелік (феталды) кезеңде қалыптасады. Яғни, нәрестенің алты айлық кезінде қалыптасады да, кездейсоқ жағдайлар (жаралану, терінің жырылуы, тыртық, т.б.) болмаса, бедерлер өлгенше қалпын сақтайды. Жасына байланысты өзгеріске ұшырамайды.

Адам ата, Хауа анадан бермен келе жатқан адам нәсілінің саусақ іздері бір-біріне мүлдем ұқсамайтынын ғылым дәлелдеп отыр.

Адамның саусақ іздері қайталанбас, ерекше дизайнында 200-ге дейін өзіндік ерекшеліктері бар екен. XIX ғасырдың 80-жылдарының өзінде ағылшын зерттеушісі Франсис Гальтон (1822-1911) ықтималдық теориясына сүйене отырып, саусақ іздерінің бедерінде 64 миллиардтан бір ғана сәйкестік болуы мүмкін екенін дәлелдеген. Яғни, сәйкестік болуы мүмкін емес деуге болады.

Бүгінгі таңдағы озық ғылыми жетістіктер, тіпті, бір ұрықты, DNA (ДНК) құрылымы бірдей егіздердің саусақ іздерінің өзінде айырмашылық болатындығын дәлелдеп отыр.

Демек, соңғы ғылыми деректер саусақ іздерінің DNA (ДНК) мәліметтеріне қарағанда әлде қайда қуатты, сенімді ақпарат көзі екенін дәлелдеп отыр. Ендеше, саусақ іздері әрбір адамның қайталануы мүмкін емес деуге болатын бірден-бір биометрлік белгісі. Ең жоғары жеке сәйкестік мәліметі.

11864 004 E1755C07

Адамдардың саусақ іздері бір-біріне ұқсамайды

 

Дактилоскопия деген технология бар

Ол – криминалистикалық зерттеу жүргізген кезде жүгінетін технология. Латын тілінен аударғанда «қол табын, саусақ іздерін зерттеу» деген ұғымды білдіреді. Қылмыскерлер мен тұлғасы анықталмаған мәйіттердің тұлғасын анықтау мақсатында қолданылады. Технология арнайы дактилоскопиялық сыр жағылған қағазға көшіріп алынған саусақ іздерін қормен салыстыруға мүмкіндік береді. Бұл әдіспен бір саусақ ізін зерттеуге небәрі 15-20 минут уақыт кетеді.

Ең алғаш саусақ ізін алуды жолға қойған – Үндістанда қызмет етіп жүрген Уильям Гершел. Ол 1877 жылы дактилоскопия атауын ортаға қойған және өз жұмысында пайдаланған.

Дактилоскопическая карта Гершеля Commons.wikimedia.org

Уильям Гершел жинаған саусақ іздері

Кейіннен белгілі ағылшын зерттеушісі Франсис Гальтон Уильям Хершельдің әдісіне қызығушылық танытты. Гальтон көптеген саусақ іздерін талдады және ықтималдық теориясына сүйене отырып, 64 миллиардтан бір ғана сәйкестік болуы мүмкін екенін дәлелдеп, саусақ іздерін сот практикасында ресми түрде қолдануды ұсынды.

Ал, 1900 жылдан бастап қылмысты ашуға қол-саусақ іздерін пайдалану қолданысқа енген. 

Бір ғажабы, жабық бөлмеде жуып-сүртілсе де саусақ іздері ай бойы «ізін суытпайды» екен.  

 

Ең ұтымды әдіс

Криминалистика тарихында көптеген әдістер болған. Айталық, бірнеше ғасыр бұрын адамдар ұрылардан сақтану үшін оларға белгілер салатын болған. Саусағын шабу, татуажбен белгі салу, т.б.  Одан келе фото суреттер пайдаланылды. Тіпті кейбір елдерде дене мүшелерінің өлшемін алу сияқты әдістер де қолданылды. Бірақ, бәрі де уақыттың сыны мен заманның сұранысына жауап бере алмады. Ғылыми үрдістер DNA (ДНҚ) сараптамасын жасатуды жолға қойғанда адамдар арасында енді бәрі кемелденді деген ой болған еді. Алайда, одан да озық жеке сәйкестік мәліметі бар екенін адамзат білмеген еді.

Бүгін де көптеген тәсілдер қолданыста. Әсіресе, DNA (ДНҚ) сараптамасын алумен бірге жаңа мүмкіндік – биометрлік мәліметтерді пайдалану қолданылуда.   

DNA (ДНҚ) сараптамасын алу – криминалистикада озық тәсілдердің бірі. Бірақ, əрбір үлгі үшін саусақ іздерін талдаудан 100-ден 400 есе көп шығынға түседі екен. Ал, кейбір сараптамалар айлар мен жылдар бойы күтуді талап етеді. Тағы бір қызығы  DNA (ДНҚ) құрылысы ұқсас адамдар болуы мүмкін.

Бет әлпетінің мәліметтері уақыттың сынына жауап бере алмайды. Ол айнығыш. Көп істетілетін көз картасын алу әдісінің де кемшілігі жетерлік. Өзіндік құны жоғары, сараптау процессі жоғары техникалық мүмкіндікті талап етеді.

Ал, бұл әдістердің сәйкестік болу мүмкіндігі саусақ ізіне қарағанда әлдеқайда жоғары.

Саусақ ізін сараптаудың уақыты да тез, пәлендей қаржыны қажетсінбейді және сәйкес болу мүмкіндігі нөлге жуық. Демек, саусақ ізіне негізделген дактилоскопия криминалистикадағы ең ұтымды әдіс.

 

Заманауи жеке куәлік

Биометрлік паспорт. Бұл ұғым да жаңа технологиялардың жемісі. Көз картасы, бет әлпеті және саусақ іздері қатарлы биометрлік мәліметі енгізілген компьютерлік чиптары бар заманауи жеке куәлік. Бұл куәлік адамның жеке басын сәйкестендіретін барлық мәліметтерді қамтиды. Соның ішінде басқа ұқсасы болмаған саусақ ізі де қамтылған. Бұл куәлікті ұстаудың бір қызығы кейбір қызмет түрлерін жеке куәліксіз саусақ бедерімен пайдалана беруге болады.

Саусақ іздерін жеке куәлікте пайдалану тәжірибесі 2001 жылы АҚШ-та басталған. Олар 2004 жылдан бастап құжат иесінің биометрлік мәліметі енгізілген компьютерлік чиптарды бере бастады. 2007 жылы Германия электрондық суреттен бөлек, саусақ іздері енгізілген құжат беруді қолға алды. Бұл үрдіс Қытайда 2011 жылы басталса, Түркияда бұл жүйені енгізу ісі кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді.

ТМД-ның бірқатар елдерінде дактилоскопиялық тіркеу туралы, мемлекеттік геномдық тіркеу туралы заң қабылданған.

Демек, саусақ ізінің әлемнің көптеген елдерінде «жеке куәлікке» айналатын күннің ауылы алыс емес деген сөз. Оның да негізі саусақ іздері болып саналмақ.

 

Кейібреулер үшін қайтыс болғанда да керек

Ананың құрсағында берілген жеке сәйкестік мәліметі кейбір адамдар үшін қайтыс болғанан кейін де керек болмақ.

Қайталануы мүмкін болмаған жеке сәйкестік мәліметі тұлғаны айғақтайтын бірден-бір сенімді қайнар екені түсінікті. Сондықтан да, қым-қуыт әлемде әр түрлі табиғи апаттар мен тосын жағдайлар салдарынан опат болып, түр-тұлғасы арқылы анықтау мүмкін болмаған мәйіттерді саусақ іздері арқылы анықтауға болады.

Қылмыстың ашылуы үшін де бұндай процесс қажет.

Осылайша, саусақ ізі – адамға анасының құрсағында Алла тарапынан берілген қайталанбас төлқұжат.

*****                                 ***********                              *****

Міне, осындай мәліметтердің баршасы болмашы әлсіз ғана саусақтың ұшына біткен көрінер-көрінбес «өрнектерге» жасырынған екен.

Жоғарыдағы аят – Ислам нанымдарын мойындамағандардың өлгеннен кейін тірілудің қалай болатынын сұрауына байланысты жауап ретінде түскен аяттардың бірі. Демек, адамзаттың бірегей жеке сәйкестік коды болған саусақ іздеріне дейін «қайта жасалынатындығын» тілге тиек ете отырып, саусақта жатқан құпияны пәш етеді.

فَبِأَيِّ آلَاءِ رَبِّكُمَا تُكَذِّبَانِ

«Ендеше, Раббыңның қай нығметтерін өтірік дейсіңдер?».

Оразбек САПАРХАН

ummet.kz

Бөлісу: