25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ана құрсағындағы «үш қараңғылық»

Ана құрсағындағы «үш қараңғылық»

Дін және ғылым
Жарнама

Ғылым дамыған сайын Құран Кәрімнің таңғажайып мұғжиза екені дәлелденуде. Яғни, осыдан он төрт ғасыр бұрын айтылған ғылымға қатысты аяттардың мәні бүгінде озық технологиялық прогресс нәтижесінде мойындалып келеді.

 

Осындай аяттардың бірінде Алла Тағала адамның жаратылуы жайында былай дейді:  

يَخْلُقُكُمْ فِي بُطُونِ أُمَّهَاتِكُمْ خَلْقًا مِّن بَعْدِ خَلْقٍ فِي ظُلُمَاتٍ ثَلَاثٍ

«Және сендерді аналарыңның ішіндегі үш қараңғылықта бір жаратылыстан кейін бір жаратылыспен жаратты.» («Зүмәр» сүресі, 6 аят)

«Ананың құрсағында» екені түсінікті. Ал, «үш қараңғылық» пен «бір жаратылыстан кейін бір жаратылыспен» деген нені меңзейді?

Тағы бір аятта бұл туралы былай дейді:

ثُمَّ جَعَلْنَاهُ نُطْفَةً فِي قَرَارٍ مَّكِينٍ (13) ثُمَّ خَلَقْنَا النُّطْفَةَ عَلَقَةً فَخَلَقْنَا الْعَلَقَةَ مُضْغَةً فَخَلَقْنَا الْمُضْغَةَ عِظَامًا فَكَسَوْنَا الْعِظَامَ لَحْمًا ثُمَّ أَنشَأْنَاهُ خَلْقًا آخَرَ ۚ فَتَبَارَكَ اللَّهُ أَحْسَنُ الْخَالِقِينَ (14)

«Сонан кейін оны жатырда тұратын тамшы қылдық. (13) Сосын тамшыны ұйыған қан жасадық. Ұйыған қанды кесек ет жасап, кесек етті сүйек жасадық та сүйектерге ет қаптадық. Сонан кейін оны басқа бір жаратылыс қып, жан салдық. Жаратушылардың шебері ұлы Алла». (14)» («Мүминун» сүресі, 13-14 аяттар).

«Зүмәр» сүресі, 6 аяты жайлы Ибн Кәсир тәпсірінде «يَخْلُقُكُمْ فِي بُطُونِ أُمَّهَاتِكُمْ خَلْقًا مِّن بَعْدِ خَلْقٍ» «ананың құрсағындағы бір жаратылыстан кейін бір жаратылыспен жараттық» деген бөлігін, адам баласының әуелде болмашы тамшы екенін, ол тамшының ұйыған қанға айналатын, ұйыған қан бір кесек болатынын, ол ет сүйекке айналып, сүйектер етпен қапталып, рух үрленетінін айтады. Ал, «فِي ظُلُمَاتٍ ثَلَاثٍ» бөлігіне анықтама бергенде, бұл үш қараңғылықтың құрсақтың қараңғылығы, жатырдың қараңғылығы және баланы қорғаштап тұратын бала жолдасының қараңғылы екенін жазады. Тәпcір ғалымдарының «Мүминун» сүресінің 13-14 аяттарына сүйене отырып айтқан түсіндірмелерінің шындыққа сәйкес екенін жақынғы замандағы биотехнологиялық жаңалықтар қуаттап отыр.

Ал, ғылым мен технология дамыған бүгінгі таңда бұл аяттың мәні одан әрі айшықтала түсуде. Жан-жақты зерттеу барысында бұл аяттың адамның пайда болуында жүкітілік дамуының жалпы барысын меңзейтінін байқаймыз. Атаның белінен ананың құрсағына барған «тіршілік иесі» жүкітіліктің тоғыз ай тоғыз күндік жалпы барысының өзінде «бір жаратылыстан кейін бір жаратылыс» «үш қараңғылықта» болмақ. Яғни, заманауи биотехнологиялық жаңалықтар жүктіліктің барысы үш кезеңнен тұратынын анықтады.

Біріншісі, «бастапқы (передэмбироналды) кезең»[1]. Бұл «бірінші қараңғылық» ішіндегі «бір жаратылыс». Яғни, хорион қабаты ішіндегі ұрық көпіршігінде жүзіп жүретін ұрықтанған аналық ұрық клеткасы.  

Екіншісі, «ұрықтық (эмбрионалды) кезең»[2]. Бұл кезең аятта айтылған «екінші қараңғылық» болып, ұрық кіндікке ілініп қағанақ сүйықтығының ішінде жүзіп жүретін адам бейнелі жаңа бір жаратылысқа айналады.

Үшіншісі, 8-9 аптадан бала өмірге келгенге дейінгі[3] «нәрестелік (феталды) кезең».  Аталмыш кезең, аятта баяндалған адамның құрсақта дамуының «үшінші қараңғылық» сәті. Бұл мерзімде іштегі нәрестенің дене мүшелері, ағзалары мен жасушалары өсіп-жетіліп, ақырғы сәтінде дене бітімі мен ағзалары кәдімгі адам бейнелі «бір жаратылыстан кейінгі бір жаратылыс».

Көріп отырғанымыздай, тұтас даму кезеңінде адамның ананың құрсағында «үш қараңғылықта» «бір жаратылыстан кейін бір жаратылыспен жаратылғандығын» дәлелдейді.

Тоғыз айлық ұзық барыстың ішінде әр сатыда адамның тағы да «үш қараңғылық ішінде бір жаратылыстан кейін бір жаратылыс түрінде» өсіп жетілетінін байқаймыз.

Ғылыми зерттеулер нәтижесі әлі ұрықтанбаған аналық жыныс жасушасы да үш қабаттан тұратынын дәлелдеп отыр. Яғни, аналық жыныс жасуша сарыуыз қабаты, хорион, қағанақ(амнион) қабаттарынан құралады. Осы үш қабаттағы аятта айтылған «үш қараңғылық» деуге болады..

Зиготаның ары қарай даму барысында бөлшектену сатысын басынан кешіргеннен кейін бір қабатты ұрық (бластула) гаструляцияға айналатынын ғылым айтады.

Гаструляцияның соңғы кезеңінде ұрық сыртқы қабат (эктодерма), ортаңғы қабат (мезодерма), ішкі қабат (энтодерма) қатарлы үш қабатты күйде болады. Яғни, аятта баяндалғандай «үш қараңғылықтағы (үш қабатты)» «бір жаратылыстан (зигода, оның бөлшектенуінен) кейін бір жаратылысқа (үш қабатты ұрыққа)» айналатынын көре аламыз.

 

Бұдан кейінгі кезеңдерде, адам ағзаларының жетіліп, өсе бастауында тағы да «үш қараңғылық» ішінде «бір жаратылыстан кейін бір жаратылыс» түрінде жетілетіндігін айтуға болады.

Әлемдегі эмбриология саласының саңлақ ғалымдарының бірі, Канаданың Торонто университетінің (University of Toronto) анатомия факультетінің деканы, эмбриология ғылымының профессоры Кис Моур ( Prof. Dr. Keith Moore, кейіннен Ислам дінін қабылдаған) «Зүмәр» сүресінің 6-аятында айтылған «үш қараңғылықтың» ананың құрсағы (қарны), жатыр, нәрестенің шаранасы екенін айтады.

Бұл аяттың тәпсірінде көптеген тәпсір ғұламалары «үш қараңғылықтың» құрсақтың қараңғылығы, жатырдың қараңғылығы, бала жолдасының қараңғылығы екенін айтады. Ал, Халифа Алтай атамыз «Құран Кәрімнің қазақша мағынасы және түсінігінде» аталмыш аяттағы «үш қабаттың» құрсақ, жатыр, қағанақ деп көрсетеді. Бұл пікірлердегі үшінші «қараңғылықтың» алуан түрлілігі маңызды емес. Себебі, тәпсір ғалымдары айтқан бала жолдасы да, шарана да қағанақ ішінде болатындығын ескерсек, бұл пікірлердің бір-бірінен тым алшақ емес екенін байқаймыз.  

Қалай болмасын сәбидің туылғанға дейінгі даму барысы осы «үш қараңғылықта» (үш қабатта) өтетіні – ғылым көз жеткізген ақиқат.

Қорыта айтқанда, сәби ананың құрсағында ұрықтанбаған аналық жасуша күйінде болсын, жүктілік кезеңінде болсын Құран аятында баяндалғандай «үш қараңғылықта» «бір жаратылыстан кейін бір жаратылыспен» жаратылатынын бүгінгі озық технологияның көмегімен ғана біліп отырмыз. Ал, оны қияметке дейін Алланың қорғауында болатын қасиетті кітап осыдан он төрт ғасыр бұрын бір ғана аятта баяндап берген екен.

Оразбек САПАРХАН

Пайдаланған материалдар:

Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі. Халифа Алтай. – Медине. 1991 ж.

Физиология человека. В 3-х томах. Т. 3. Под ред. Р. Шмидта и Г. Тевса. М., 1996.

The Developing Human: Clinically Oriented Embryology, 10e 10th Edition/  Keith Moore, T. V. N. Persaud, Mark G. Torchia. – 10th edition. – 2016. 

 ____________________________

[1] Бұл кезеңді бір ғалымдар алғашқы бір апта десе, енді бір ғалымар алғашқы екі жарым апта екенін айтады.

[2] Бір ғалымдар 2-8 апта аралығы десе, енді бір ғалымдар жетінші аптаның соңына дейінгі барысты қамтитындығын айтады.

[3] Бұл жерде де ғалымдар пікірі алуан түрлі.

Бөлісу: