24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Исламның зайырлы білім алуға көзқарасы

Исламның зайырлы білім алуға көзқарасы

Дін және ғылым
Жарнама

Білім алып, сауатты болу  – ислам дінінің ең басты талабы. Алла тағала білімге байланысты алты жүзден астам аят түсірген. Ең әуелгі түсірілген аяттың өзін «оқы» деп бастады.

Алла Тағала ол жайлы Құранда былай дейді: «Сондай, жаратқан Раббыңның атымен оқы!». Тағы бір аятта Алла тағала былай дейді: «(Мұхаммед (с.ғ.с.)) оларға: "Білгендер мен білмегендер тең бола ма?",- де». Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) өзінің бір хадисінде: «Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз» - деген. Міне осы сияқты көптеген аяттар мен хадистер білім алуға қызықтырып, ынталандырады. Жалпы білім алудың үкімі парыз. Ол екіге бөлінеді: парыз айн, парыз кифая.  

1) Парыз айн дегеніміз әрбір мұсылман ер мен әйел дініне қажетті маңызды істерді (Раббысын тану, харам мен халалды айыру, құлшылығын дұрыс орындауды) үйреніп, білуі.

2) Парыз кифая дегеніміз егер бір адам оны орындаса басқасының мойнынан түседі деген ұғым. Егер оны біреуі де орындамаса барлығы күнәһар болады.    Имам Ғазали былай дейді: «Парыз кифая шариғи және зайырлы болып екіге бөлінеді". Шариғи білім Пайғамбарымыздан (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) үйренген нәрселер (жаназа намазы, мәйітті жуу), ақыл жетелейтін, тәжірибе, есту арқылы туатын математика, медицина және тіл білімі емес.  Зайырлы білім үшке бөлінеді:   Бірінші: Мақтаулы білім. Ол – дүние істеріне байланысты пайдалы істер.

Оның өзі парыз кифая және артықшылық болып екіге бөлінеді:  

1) Парыз кифая ол дүние істерін аяққа тұрғызуға қажетті бүкіл ілімдерді қамтиды. Мысалы, адамның дене-мүшесі сау болуына медицина білімі қажет. Сауда-саттық жасау, өсиетті орындау, мирасты бөлу үшін есепті білуі тиіс. Бұл ілімнен бір қала мақұрым қалса онда барлығы күнәға батады. Ал оны кейбірі орындаса басқаларының мойнынан парыз міндеті түседі. Сол сияқты медицина мен математика білімін алу міндет болғанындай ауыл-шаруашылық, тоқыма, тігін салаларын да меңгеру парыз кифая.

2) Артықшылық дегеніміз қажетінен тыс бір саланы (медицина, математика т.б.) тереңінен зерттеу. Екінші:  Жаман саналған білім. Ол – сиқыр, дуалау ілімдерін үйрену. Үшінші: Мубах болған білім. Ол – әдептілікті қамтыған өлең-жырларды, бізге жетіп келген хабарлардың, мағлұматтардың тарихи мерзім, уақыттарын үйрену». Ендеше, зайырлы білімдерді алу-парыз кифая.

Оған негізгі дәлелдер мыналар:

1) Алла тағала былай дейді: «Ол, сендерді топырақтан жаратты әрі жер бетінде өмір сүргізді». Жер бетінде тіршілік ету үшін күнделікті халық тұтынатын қажетті бұйымдарды өңдейтін жеңіл өнеркәсіп, тоқыма өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі қажет болады. Сол сияқты заманауи байланыс жүйелері мен ақпараттық құралдар, технология, биология салалары өмірімізге қажетті әрі пайдалы. Ендеше, бұл салалар мен өнеркәсіпті қолға алатын білікті мамандар қажет.

2) Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) құрма будандастырушыларға былай деп айтқан: «Сіздер дүние істеріңізді жақсы білесіздер». Бұл зайырлы білімді құптауға дәлел болады.

3) Алла Тағала былай дейді: «(Мұхаммед Ғ.С.): Алланың құлдарына көркем етіп шығарған нәрсесін (киімін) және берген жақсы несібелерін кім арам етті» де. Бұл аяттан түсінетіміз, Алла тағала жер бетіндегі жақсы несібелердің барлығын бізге адал етті. Оларды адал кәсіппен өндіру қажет. Мұхаммад бин Хасан: «Кәсіпті талап ету білімді талап ету парыз болғанындай парыз» - деді. Өйткені Ибн Масғудтан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай дейді: «Кәсіп ету әрбір мұсылманға парыз». Тағы бір хадисте: «Кәсіпті парыз намазынан кейін талап ету (тиіс)»-деген. Яғни парыздан кейінгі парыз амалы деген мағына. Өйткені парызды өтеуге жетелейтін тек бір нәрсе болса, ол да парыз болады. Себебі құлшылықты денеде күш-қуат болса ғана орындайсың. Дененің күш-қуаты әдетте азық-түліктен нәр алады. Ал азық-түлікті кәсіппен табасың.  Әрине мұның барлығы зайырлы білімді қажет етеді. Кезінде Ислам ғалымдары дін мен дүние істерін ұштастырып, білімнің алуан түрлі салаларын  меңгерді, адамзат тарихы мен мәдениетін сабақтастыра отырып, әлемде жаңа мәдениеттің тың үлгісін қалыптастырды. Сол үшін мұсылмандар даму тұрғысынан алда болды. Бірақ өкінішке орай қазір ғылымға мән бермегеннің салдарынан артта қалып қойдық. Мұсылман екі дүниенің арбасын бірге сүйреуі тиіс. Әнас ибн Мәліктен жеткен хабарда Пайғабарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай дейді: «Сендердің жақсыларың дүниесін ақыретке, ақыретін дүниеге тастап қойғандарың емес, бәлкім екі дүниенің арбасын бірдей ұстағандарың. Шын мәнінде, дүние ақиретке жетелейді».

Үкім: Сондықтан қазіргі таңда аса қарқынды дамып келе жатқан жаңа технологияларды меңгеру, медицина, физика, химия, математика, астрономия т.б. адамзат пайдасына қажетті барлық салаларды жете меңгеру үшін зайырлы білім алу қажет, сол үшін бұл парыз кифая болып табылады. Себебі әрбір саланың өз маманы болмаса қоғамның тіршілігі мен дамуына кері әсерін тигізеді.  Ал кәсіби білім алу баршаға парыз. Өйткені әркім өз отбасын, әйел бала-шағасын материалдық қажеттіліктерімен қамтамасыз етуі шарт.    Осы себепті мұсылмандар дүние тіршілігіне қажетті салаларды дамытып отыруға міндетті.   

дереккөз: fatua.kz

Бөлісу: