26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұсылман ғалымдарының ғылым тарихындағы орны

Мұсылман ғалымдарының ғылым тарихындағы орны

Дін және ғылым
Жарнама

Ислам тарихына көз жүгіртсек, ежелгі сахаралық  арабтар дін келмей тұрып нағыз надандықтың шырмауында болатын. Не мәдениет саласында, не ғылым  саласында іліп аларлық дәнеме жоқ. Олардың ел  сыйларлық, санасарлық, тағылым аларлық дәрежеге  жеткендігі осы діннің арқасында.

Неге десеңіз, әлгі әлемді дүр сілкіндірген не бір ғұламалар осы  алдыңғы надан, кейінгі ойшыл ғұлама арабтардан  шықпап па еді?! Яғни, Ислам дінінің алып келген ұлы  мәдениетінен кейін. Содан барып XI-XII ғасырларда  бұл көркем мәдениет өзімен қоса өзге елдерге, әсіресе, Еуропа елдеріне қатты әсерін тигізеді. Өйткені ежелгі  грек тіліндегі ғылыми және философиялық кітаптарды араб ғалымдар арабшаға аударып, оны аударумен ғана шектелмей, мазмұнын әрмен қарай дамытты да. Ал осы аудармаларды кейін еуропалықтар латын және басқа да шет тілдеріне аударып қажетіне жаратты. Бұны мұсылман емес сол діні, ділі, түрі, тілі бөлек Еуропа ғалымдарының өздері де мойындап, тілге тиек еткен.

Сонау кеңестік дәуірдің дүркіреп тұрған кезінің өзінде Мұхтар Әуезов жұртшылыққа жақыннан танымал «Абай жолы» романында Абай мен досы әрі ұстазы болған орыс ғалымы Михайлов арасында өрбіген маңызы зор бір сұхбатты келтірген. Онда Михайлов Ислам діні турасында ой бөлісе келіп, Абайдың бұл дін туралы үстірт, қате ойлайтынын аңғарып, өзінің дін жайындағы өте құнды пікірлерін білдірген. Романдағы тексті сол күйінде келтірсек: – Ендеше, мен сізге айтайын, Ислам тарихы – білім, ол үлкен білім! Тек қандай тарихшы жазғанын талдау керек – деп, Михайлов Абайды қайран еткен қызық жаңалықтар айтып кетті. Ислам, араб өнері жалпы дүние жүзінің ғылыми дамуына көп ғасырлар бойы аса зор жемістер берген. Ескі антик өнері мен

Еуропаның беріде келіп шыққан ояну дәуірінің арасында жатқан бірнеше жүз жылдар меңіреулігі бар. Сондағы көп ғасырдың қараңғылық заманына сәуле беретін тек араб (Ислам) мәдениеті екенін айтып өтті. Арыдағы Сократ, Платон, Аристотель мирастарын жеткізушілер Шығыстан шыққан данышпандар болғанын ескертті».

Мұсылман араб ғалымдарының ғылымдағы орны мен жетістіктері жөнінде кезінде Еуропа ғалымдары да көп айтқан. Мысалға алсақ И. Г. Гердер: «Арабтар болмаса, Гердер де, Альберт Великий де, Вилла Новалық Арнольд те, Роджер Бэко да, Луллия Раймунд та болмас еді. Олардың бәрі Испанияда арабтардан оқыды немесе солардың шығармаларын оқыды. Тіптен Фридрик ІІ нің өзі араб кітаптарын аударуға қамқор болып, ғылымдарының жандануына жағдай жасады» деп жазып қалдырса, Роберт Брифаулт «The Making of Hummanitу» атты кітабында мынаны келтіреді: «Еуропаның жетістікке жеткен әрбір саласында міндетті түрде Ислам мәдениеті маңызды рөл атқарған. Тигізген пайдасы мен әсері шаш- етектен».

Әрине, ғылым тек Ислам әлемінен ғана тарады деген жаңсақ пікірден аулақпыз. Өйткені білім-ғылым біреудің меншігінде тұрған зат емес. Кім еңбектенсе, соған ашылады. Сондықтан да, ғылым кейде батысқа, кейде шығысқа ауысып отырған. Тек Ислам әлемі ғана демей, шығыс пен батыс деп бекер атап отырғам жоқ. Неге десеңіз, шығысқа Ислам әлемімен бірге Қытай, Үндістан секілді ғылымға өзіндік үлкен үлестерін қосқан алып елдер мен мәдениеттер де кіреді.

материал «Ислам және ғылым» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: