25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жәннаттан екі сарай алған кедейдің оқиғасы

Жәннаттан екі сарай алған кедейдің оқиғасы

Ғибратнама
Жарнама

Бір күні бала-шағасына нан алатын ақшасы қалмаған бір әке қасындағы бай көршісіне барып:

– Өте қиын жағдайда қалдым. Маған жәрдем етіңіз, – деп мұңын шағады. Бұны естіген байдың өңі құбылып сала береді. Шекесін тыжырайтып, жақтырмаған қалпы:

– Бауырым, соңғы кездері жұмыс оңға баспай қойды. Қарық қылып тауып жатқан табыс жоқ. Айыпқа бұйырма, менен көмек күтпе, – деп шығарып салады.

Бала-шағасы аштықтан бұратылған әке, амал жоқ, шығып кетеді. Терең ойға батып келе жатқанда, жолай өзі сияқты жағдайы жоқ досының үйіне соғады. Ол досына:

– Бауырым, сенің жағдайыңның қандай екенін білемін. Алайда, мәжбүр болғандықтан саған келдім. Күні бойы бала-шағам екі көздері төрт болып аштан-аш мені күтіп отыр. Оларға нан аларлық ақша таба алар емеспін, – дейді. Өзінің де жағдайы мәз емес досы түпкі бөлмедегі тартпаны ашып, бар ақшасын алып досының уысына салып жатып:

– Қадірлі бауырым, Алла тағала ешкімді таршылыққа ұшыратпасын. Бала-шағаның ашыққанын мен жақсы түсінемін. Біз, үлкендер үйіндінің ішінен болса да бір нәрсе тауып жерміз. Бірақ, кішкентай бүлдіршіндер оны түсіне ме?! Сен мына ақшаға жолдағы дүкеннен азын-аулақ нәрселер алып, балаларыңа жеткізерсің, – дейді.

Әбден жоқшылықтың тауқыметін тартқан әке қолына азын-аулақ ақша түскенде өзін шексіз бақытты сезініп, дереу дүкенге жүгіреді. Тамақ боларлық қажетті азықтарды алып үйіне келді. Төрт көз болып күткен балалар әкесін қуана қарсы алды. Бойларына ас барған бүлдіршіндер бір-біріне тығылыса лезде ұйықтап та кетті. Балаларының тойынғанын көрген әке ауыр жүктен құтылғандай еркін тыныс алды.

Сол күні әлгі тасжүрек бай қызық түс көреді. Түсінде аспанда жұрттың таң-тамаша болып қарасып жүрген екі сарайды көреді. Жұлдыздармен безендірілген сарайлардың біреуінен екіншісіне ұшып жүрген періштелер сарай иелерін қанаттарына отырғызып, апарып-әкеліп жүр екен. Бай адам:

– Бұл сарайды сатып алғым келеді. Иесі кім екен? – деп сұрағанда:

– Бұл сарайдың екеуі де ана бір жердегі кедейдікі. Қиналған бір әке оған барып, бала-шағасының қарнын тойдырарлық ақша сұраған екен. Ол тартпадағы ең соңғы ақшасын беріп, балаларына азық апаруына себепкер болған. Оның бұл қылығы Алла тағалаға ұнап, бұл екі жәннат сарайын оған сыйлады, – деген жауапты естиді.

Толқып оянған бай тағатсыздана таңның атқанын күтеді. Әлгіндегі адамды тауып алып, оған былай дейді:

– Кеше саған келген мұқтажға не берсең, саған екі есесін берейін. Осылайша жәрдемді мен жасаған болсам қалай болады? – дейді. Ол кісі байдың басынан аяғына дейін сүзе қарап былай деп жауап береді:

– Жоқ, болмайды. Сенің көрген түсіңді Алла маған да көрсетті. Әрі сенің берген бұл ақшаны алсам да ол сарайды сен ала алмайсың.

– Сен алғанда мен неге ала алмаймын?

– Мен жәрдем еткен кезде тек қана Алланың разылығы үшін жасадым. Сен болсаң бұл ақшаны маған Алла үшін емес, түсіңде көрген сарайды алу үшін бересің. Айырмашылықты түсіндің бе?

– Әттең, сараң бай болғанша, сен сияқты мейірімді діндар, қанағатшыл болып, ол сарайларға мен иелік еткенде болар еді, – деп өкінеді бай бармағын тістеп...

материал «Кемелдік кілті» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: