25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Шын ықылас пен жалған ықыластың айырмасы

Шын ықылас пен жалған ықыластың айырмасы

Ғибратнама
Жарнама

Ертеректе жылдар бойы Аллаға құлшылық жасаған бір діндар кісі болған екен. Аллаға құлдық ұрудан басқа жұмысы болмапты. Күндердің бір күнінде халық келіп оған «Бұл өңірде ағашқа табына­тындар бар» деп хабар береді.

Бұған ашуланған діндар балтасын мойнына асынып, ағашты шауып тас­тауды ниет етіп жолға шығады. Жолда шейх кейпіндегі шайтанға жолығады. Шайтан қайда бет алғанын сұрағанда, әлгі діндар адам ағашты шауып тастауға бара жатқанын айтады. Сонда шайтан тұрып:

– Сенің онда не шаруаң бар? Ғибадатыңды тастап ағашты шабуға бара жатырсың, одан да келген ізіңмен кері қайт та құлдығыңды қыл, – дейді. Әлгі кісі:

– Бұл да менің бір құлшылығым, – дегенде шай­тан:

– Мен бұл ағашты кесуге рұқсат бермеймін, – деп екеуі алыса кетеді. Діндар кісі шайтанды алып ұрып, астына жығып алады. Сонда шайтан:

– Мені босат, өзіңе айтарым бар. Шындап келгенде, сен бұған жауапты емессің ғой. Өзің ағашқа табынбайсың, басқаларда не шаруаң бар? Алла тағаланың жер бетінде көптеген пайғамбарлары бар. Қаласа бұл жерге де біреуін жіберіп ағашты құлатқызады, – деп айлаға басады. 

– Жоқ, мен міндетті түрде ағашты шабамын, – деп қайтадан шайтанмен алысып, екінші рет оны жеңіп, оның көкірегіне отырып алады. Шайтан:

– Мені жібер, мен саған керемет бір ұсыныс жа­саймын. Бұл саған да, маған да тиімді, – дейді. Діндар:

– Қандай ұсынысың бар? – дегенде шайтан:

– Сенің түгің жоқ тақыр кедейсің, өзгелерге күнің жиі түседі. Сен де қатарларың сияқты басқаларға жақсылық жасағың келеді, солай емес пе? – дейді.     

– Иә, жасағым келеді, – дегенде шайтан:

– Олай болса сен бұл істен бас тарт, үйіңе қайт. Күнде таңертең бас жағыңа екі алтын қоямын. Бұларды қалағаныңша пайдаланарсың, қаласаң кедей-кепшікке үлестірерсің. Бұл сен үшін ағашты шабудан артық. Өйткені, ағашты шауып тастағаныңмен бұл әрекетіңнен ағашқа табынатындарға зиян келмейді, басқаларға да пайдасы жоқ, – дейді. Діндар біраз ойланып: «Айтқанының жаны бар. Мен бұл ағашты шабуға мәжбүр болатындай пайғамбар емеспін ғой. Алла тағала бұны шап деп әмір еткен жоқ. Шаппасам оның бұйрықтарына қарсы шыққан болмаймын. Бұның айтқаны өте пайдалы» деп ойлап онымен келісіп тарқасты. Түнде жатып таңертең тұрғанда жастығының астынан уәделескендей екі алтын тапты. Ертесі күні де сондай болды. Одан кейін алтын келмейтін болды. Алтындардың сап тыйылғанын көрген діндар ашуға мініп, қайтадан балтасын алып жолға шықты. Жолда әлгі шейх кейпіндегі шайтанға қайта жолығады. Ол діндардан қайда бет алғанын сұрағанда ағашты шабуға бара жатқанын айтады. Шайтан оған:

– Енді сен ол ағашты құлата алмайсың, – деп екеуі тағы алыса кетеді. Бұл кезекте шайтан діндарды қалпақтай ұшырып, кеудесіне мініп алады:

– Алған бетіңнен қайт. Болмаса сені өлтіремін, – дейді. Амалы қалмаған діндар, қолынан ешнәрсе келмесін білген соң шайтанға:

– Мені босат. Бірақ мынаны түсіндір. Алғашында мен сені жеңдім, енді қалайша жеңілдім? – деп сауал тастайды.

– Алғашындағы ынтаң мен ниетің Алла үшін еді. Сондықтан Алла тағала саған жеңіс берді. Бірақ кейіннен ынтаң дүние үшін болды. Алтындар келмей қалды деп ашуландың. Сондықтан мен сенен үстем түстім, – дейді.

материал «Ғибратты оқиғалар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: