26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қабыңды да қалдырма!

Ғибратнама
Жарнама

 

«Ой, сұмдық-ай, сұмдық! Ыңылдап миды жеді ғой түге! Қазтұрған, болды енді мен сенен ажырасамын. Саған мына қақпас керек пе, қатын керек пе?! Болмаса, масыл қылмай қарттар орманына апарып таста».  Ділмәш осыны айтып, күн құрғатпай Қазтұрғанның басын қатырып қақшаңдағалы қашан.

 Ми қайнататын аптапқа қабағы құрысып, маңдайынан сорғалаған тер көзін ашытып бара жатты. Қазтұрған сонда да бүкшеңдеп сайдағы соқпақпен төтелей тартып келеді. Ара-кідік арқалаған қабындағы әлсіз қимылға қапаланып, қозғалмай жатсаңшы деп қояды. Қап көтеріп қалбаңдаған Қазтұрған қарттар орманына қалай жеткенін сезбей де қалды.

Қазтұрған аузын ағытып, қаптан қарт анасын шығарды да, жұмған аузын ашпастан, үн-түнсіз үйіне қайтуға қамданды. Жапырақтарды жапыра басып, жылыстап бара жатқан ұлына анасы: «Қапышым, аман-есен бол, мына қапты қалдырмай ала кет!»,– деді дірілдеген даусы әрең шығып.

Қазтұрған: «Жоқ, маған керек емес, өзің басыңа жастанып жатарсың» деді де бұрылып кете барды.

Анасы тағы дауыстап: «Қабыңды қалдырма. Ол маған қарағанда саған қажеттірек. Себебі, сен де ертең қартаясың. Сол кезде сенің балаң қапқа салып, өзіңді осы орманға әкеліп тастайды»,– деді демігіп үзік-үзік үнмен.

Бейбақ ана жалғыз ұлынан көрген жалғыз немересін еркелетіп, атын да атамай: “құлыным” — дейтін-ді. Тас түбінде жантайып жатқан қарт ананың көз жасы көл. Құлынын қимайтынын Қазтұрғанға айтудан қаймығатын-ды. Тіпті, сол құлыны себеп болмағанда баяғыда бақилық болар ма еді, бәлкім.  Жалғыз келіні Ділмәш дым татырмайтын. Құлдыраңдаған құлыны анасынан нан ұрлап әкеліп бермегенде, қалжыраған қарттың аштықтан аман қалуы екіталай еді.

Анасының қабыңды қалдырмай алып кет деген сөзі жүрегін жұлып алғандай болған Қазтұрған, қозғалмастан қаққан қазықтай қалшиып, қос жанарын жерге қадаған қалпы тұрып қалды.

Аспан жиегін алқызыл түске көмкеріп, күн ұясына кіруге асығып бара жатқандай. Барша тірлік иесі тұрағына қайтуға қамдануда. Қазтұрғанның аяғының астынан кішкентай бір қара құмырысқа ұясына қарай құйғытып барады. Арқасына белі үзілген бір ұяласын арқалап алған-ды. Қазтұрған қалшиған қалпы қара құмырсқаға қарап қалды...

 

 Бірлік ТОҚАЙ

 

 

Бөлісу: