Тақлид дегеніміз – дәлелін білместен өзге бір адамның сөзін айғақ ретінде ұстану. Мәселен, Әбу Ханифаның сөзі бойынша дәретте бастың төрттен біріне мәсіх тарту парыз деу секілді.
Мұндай адамды муқаллид дейміз. Тақлидтің үкімі: Жоғарыда мүжтаһид дәрежесіне жеткен адам үшін туындаған мәселеге өзі ізденіп үкім шығару керектігі, өзгенің сөзін ұстануға болмайтындығы айтылды. Енді мүжтаһидтік дәрежеге жетпеген адам (мейлі ол адам халықтан бірі болсын, мейлі ғылымда белгілі деңгейге жеткен ғалым болсын) шариғи-амали үкімдерде өзгенің пікірін ұстануы дұрыс па? Бұл мәселеде әр түрлі көзқарастар бар. Бірақ соның ішінде шариғи дәлелдерге сай болғаны төмендегі көзқарас: «Мүжтаһид дәрежесіне жетпеген әрбір адам мүжтаһид имамдардың бірінің жолын ұстануы шарт.
Жолыққан мәселелерін ғалымдардан сұрауы керек». Себебі:
1) Құраннан дәлел: Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» – дейді. Алла Тағала білмейтін адамның білетін адамнан сұрауын әмір етуде. Бұл аят адамдардың ішінде білмейтіндер және білетін ғалымдар болып екіге бөлінетіндігіне дәлел. Білмейтін адам бір мәселеге жолыққанда өзі хабарсыз болған үкімін ғалымнан сұрап оған еруін міндеттейді. Егер оның сөзін қабылдамаса сұрауды міндеттеудің еш мәні қалмаған болар еді. Тақлидті, яғни ғалымдарға еруді тыйып, ижтихадты әрбір адамға міндеттеу жоғарыдағы аяттың мазмұнына қайшы келуде.
2) Ижмадан дәлел: Сахабалар мен табиғиндардың ішіндегі мүжтаһид болмағандары бастарына бір іс түскенде өз араларындағы мүжтаһидтеріне жолығып, сол істің үкімін сұрайтын. Мүжтаһид сахаба мен табиғиндар осы іс жайындағы Алланың қойған үкімін айтып беретін. Ешбірін сұрақтан тыймайтын. Ешбір дерек көзінде сұрақ қоюшыларға «өздерің іздеп тауып, үкімін біліп алыңдар» деп, әмір еткен оқиға кездестірмейміз. Шамасы жетпейтін адам ижтихадпен міндеттелмейтіндігі және ижтихадқа шамасы келетін адамнан сұрауы сахаба мен табиғиндардың түгелдей қолдауымен (ижмамен) бекітілген іс. Ендеше бүкіл адамды өз бетінше ижтихадпен міндеттеу ижмаға қайшы іс.
3) Адам табиғатынан дәлел: Ижтихад әрбір адамның қолынан келе беретін іс емес. Себебі шариғи дәлелдерді түсініп үкім шығару ерекше дарындылықты талап етеді. Бұл мүмкіншілікті Алла Тағала құлдарының барлығына бермей, олардың ішінде аз ғана топқа тән қылады. Енді мүмкіншілік берілмеген адамнан сол істі талап ету шамасы жетпейтін істі міндеттеу болмақ. Ал бұл болса, Алла Тағала: «Алла адамға шамасы келетін міндетті ғана жүктейді» – дегені үшін шариғи тұрғыдан дұрыс емес.
4) Өмір заңдылығынан дәлел: Ижтихадта шариғи және тіл ғылымына қатысты білімдерді меңгеру үшін ұзақ уақыт қажет. Барлық адамның осы жолмен айналысуы өмірдегі басқа зәру қажеттіліктердің тоқтап қалуына алып барады. Тіршілік көздерінің меңгеруіне кедергі болады. Бұл – өнеркәсіп, сауда-саттық, егін шаруашылығы сияқты қоғамдық жүйені сақтап тұратын өзге игіліктердің бұзылуы деген сөз. Бұлай істеу шариғаттың негізгі принциптеріне сай келмейді.
материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,
ummet.kz