25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сүннетті жоққа шығарушыларға ислам ғұламаларының жауабы

Сүннетті жоққа шығарушыларға ислам ғұламаларының жауабы

Ақида
Жарнама

Сүннет қажет емес, бізге Құран жеткілікті дейтіндердің уәждеріне жеке-жеке ғылыми тұрғыда жауап берген ислам ғұламаларының еңбектерінің кейбіреуінің атын жоғарыда атадық. Бәрін қамту мүмкін болмағандықтан, бірнешеуіне ғана тоқтала кетейік.

1.Құранда барлық нәрсенің егжей-тегжейлі баяндалғаны аятта көрсетілген. Мысалы, Құранда: «Біз кітапта ешбір нәрсені кем қалдырмадық», «Біз саған бұл Кітапты (Құранды) әрбір нәрсенің түсіндірмесі ретінде түсірдік...» делінген аяттар бар. Ендеше, Құранда барлық нәрсе толық баяндалған болса, онда хадиске қандай қажеттілік бар? Хадисті жоққа шығаратындардың келтірген бұл дәлелдері мен уәждері мүлде орынсыз. Себебі, Құранда барлық нәрсенің бүге-шүгесіне дейін егжейтегжейлі түсіндірілмегені баршаға мәлім. Ендеше, бірінші аятта айтылған кітап Құран емес. Бұл жайлы барлық тәпсір кітаптарында аяттағы кітаптың Құран емес, үлкенді-кішілі барлық нәрсенің егжей-тегжейлі сипаты мен толық тағдыры жазылған «Ләухулмахфуз» кітабы екендігі айтылған. Бұл аяттың алдындағы «Жер басқан барша жан иесі, әуеде қос қанатымен ұшқан құс та бәрі сендер сияқты (қоғам боп өмір сүруге бейім жаратылған) жеке үмбет» деген аятқа үңілгенімізде, одан кейін келетін: «Біз кітапта ешбір нәрсені кем қалдырмадық» деген аяттағы «кітаптың» Құран емес, «Лаухул-махфуз» екенін түсіну қиын емес. Яғни, жерде өмір сүретін құмырсқа да, үйір-үйір боп жүретін аңдар да, қоғам боп өмір сүретін бал арасы да, көктегі топ-тобымен ұшқан құстар да белгілі бір жүйеге, арнайы бекітілген ережеге бағынады. Сол жүйенің бәрі бүге-шүгесіне дейін «Лаухул-махфузда» жазылған. Олай болса, аяттың мағынасы «Лаухул махфузда» тағдырдың ешбір нәрсесі кем қалмады әрі жүйені бұзатын қандай да бір ағаттыққа орын бермедік дегенді білдіреді. Аятты бұлай түсінбесек, онда Құранда барлық ұсақ нәрселерге дейін егжей-тегжейлі айтылмағандықтан Жаратқан сөзі ақиқатқа қайшы болар еді. Ал оның олай болуы әсте мүмкін емес. Ал дәлел ретінде келтірілген «Біз саған бұл Кітапты (Құранды) әрбір нәрсенің түсіндірмесі ретінде түсірдік...» деген аятқа келер болсақ, ондағы Құранның әрбір нәрсеге түсіндірме ретінде жіберілуін былай ұғуға болады: Құранда адамға қажетті дүниәуи һәм ақыреттік барлық ережелер мен мәліметтер, құлшылыққа қатысты қағидалардың басым көпшілігі жалпы қағида ретінде, кесек үкім күйінде қамтылған. Олай болса, аятта айтылған «Құранның барлық нәрсеге түсіндірме ретінде жіберілуін» осы тұрғыдан қарастыруға болады. Яғни, Құран адамзатқа қажетті барлық нәрселердің түсіндірмесін мәйек күйінде, жалпы қағида ретінде қамтыған. Сондай-ақ пайғамбарымыздың Құрандағы «Алла сауданы адал, ал өсімді харам етті» деген секілді жалпы үкімдердің тармақтарын талдап түсіндіруі мен Құранда мүлде айтылмаған кейбір үкімдерді сүннеті арқылы білдіруі де аятта айтылған «Құранның әрбір нәрсеге түсіндірме ретінде жіберілуіне» жатады. Себебі, хазірет Мұхаммед (с.а.у.) – Алланың елшісі. Ал елшінің діни үкімді өзін елші етіп жіберген Ұлы Иесінің рұқсатымен ғана айтатындығы хақ. Құранда «Ол (пайғамбар) (дінге қатысты) ешбір нәрсені өз ойынан (нәпсі қалауымен) айтпайды. Оның (дінге қатысты) айтқаны тек қана өзіне білдірілген уахи ғана» делінеді. Ал сүннеттің де Алла тарапынан елшісіне білдірілген уахидың бір түрі екендігінде күллі ислам ғұламалары бір пікірде.

2. Хадистер 200 жылдан кейін ғана қағазға түсірілгендіктен сенімсіз. Ал сенімсіз дәйек діни үкімдерге қайнаркөз бола алмайды. Пайғамбарымыздың өзі көзі тірісінде хадистердің жазылуына рұқсат бермеген. Хадистерді жоққа шығаратындардың бұл уәждері де негізсіз. Олай дейтініміз, біріншіден, хадистердің Алла елшісінің заманында мүлде жазылмағандығына келіспейміз. Алла елшісі бірқатар хадистерінде өз сөзінің жазылуына рұқсат берген. Мысалы, Абдулла ибн Амр ибн Ас (р.а.) мынандай хадисті риуаят етті: Мен «Уа, Алланың елшісі, біз сізден көптеген жадымызда сақтай бермейтін хадистерді естиміз. Сол хадистерді жазайық па?», – дедім. Алла елшісі: «Жазыңдар!», – деп жауап берді24. Имам Ахмедте келген басқа риуаятта: «Уа, Алланың елшісі! Мен сізден кей нәрселерді естимін, соларды жазайын ба?», – дедім. Алла елшісі: «Иә», – деді. Мен: «Ашулы немесе қуанышты кездеріңіздегі айтқандарыңызды да жазайын ба?», – дедім. Алла елшісі (с.а.у.): «Әрине». Бұл екі жағдайда да мен тек қана ақиқатты айтамын», – деп жауап берді. Уаһб ибн Мүнаббиһтың бауырынан риуаят етілді. Ол былай деді: «Әбу Һурайраның былай деп айтқанын естідім: «Абдуллаһ ибн Амрдан басқа Алла елшісінің сахабаларының арасында хадисті менен көп білетін жан жоқ. Себебі, Абдулла ибн Амр хадистерді жазатын, ал мен жазбайтынмын». Осы сынды көптеген риуаяттардан Алла елшісінің (с.а.у.) кейбір сахабаларына хадистерді жазуға рұқсат бергендігін аңғарамыз. Ендеше хадистердің пайғамбарымыз бақилық болғаннан кейін алғаш рет екі жүз жылдан кейін жазыла бастады дегендері негізсіз. Ал хадисті жоққа шығаратындардың дәлел ретінде келтіріп жүрген Әбу Һурайрадан риуаят етілген: «Біз хадистерді жазып жатқанымызда Алла елшісі: «Нені жазып жатырсыңдар?», – деп сұрады. Біз: «Сенен естіген хадистерді жазып жатырмыз», – дедік. Ол: «Алланың кітабынан басқа кітап па? Сендерден бұрынғы үмбеттер Алланың кітабымен бірге басқа кітаптар жазғаны үшін адасты» деген сынды риуаяттар хадистің Алла елшісінің заманында мүлде жазылмағандығына дәлел бола алмайды.

Себебі, Алла елшісінің хадистердің қағазға түсірілуін құптамағандығын білдіретін осындай риуаяттар мен оларды жазуға рұқсат берген жоғарыда келтірілген хадистерді бір-бірімен ұштастырып былай түсінуге болады:

Біріншіден, исламның алғашқы кездерінде, Құран аяттарының әлі санаға толық сініп, сахабалардың жадына әлі басылмаған уақыта Алла елшісі өз хадистерінің жазылуын құптамаған. Себебі, Құран мен хадистердің бір-бірімен араласып кету қаупі бар еді. Кейіннен Құранды көптеген сахабалар жатқа біліп, қоғамда Құран жақсы қалыптасқаннан кейін хадистердің жазылуына рұқсат берген.

Екіншіден, жоғарыдағы келтірілген риуаяттағы тыйым ол хадистердің қағазға түсірілуіне қатысты жалпы тыйым емес, Құран аяттары мен хадистердің бір қағазда, яки бір тақтайшада бірге жазылуына байланысты айтылған тыйым болатын. Себебі, мұнда аят пен хадистің араласып кету қаупі басым еді.

Үшіншіден, Алла елшісінің хадистерді жазбауға байланысты келген тыйымдары жалпы барлық сахабаға берген тыйымы емес, Құран мен хадисті бір-біріне араластырып алуларынан қорыққан кейбір адамдарға арнап айтылған тыйым болуы мүмкін.

материал «Сүннетті мойындамау – дін бұзудың амалы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: