26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) намаздың маңызы жайлы айтқан сөздері мен әрекеттері

Пайғамбардың (с.ғ.с) намаздың маңызы жайлы айтқан сөздері мен әрекеттері

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Әбу Зәрр (р.а) былай әңгімелейді: «Бірде Алланың елшісі түнде тұрып, таң атқанша намаз оқыды. Намазда мына аятты көп оқыды:

«Егер оларды жазаласаң, шүбәсіз олар – Сенің құлдарың. Ал кешірсең, Азиз және Хаким (ұлы құдірет, үкім және хикмет иесі) Сенсің!» (Маида, 5/118)». Әсуад (р.а.) былай әңгімелейді: Бірде арамызда хазірет Айша бар, әңгімелесіп отырдық. Әңгімеміздің арқауы намазға ынталы, ықыласты болу, табандылық таныту жайлы болды. Сөз соңын хазірет Айша былай қайырды: «Бұл – Алла елшісі көз жұмардан біраз күн бұрын болған оқиға. Намаздың уақыты келгенде, азан шақырылды. Алланың елшісі сырқаты меңдеп, өзі намаз оқыта алмайтын болған соң: «Әбу Бәкір менің орныма намаз оқытсын», – деді. Қасында отырғандар: «Әбу Бәкір – көңілі бостау адам. Сенің орныңа имам болса, тамағына өксік кептеліп, намаз оқыта алмайды», – деді. Алланың елшісі бұл әмірін тағы қайталады.

Маңайындағылар да өз уәжінен танған жоқ. Алланың елшісі дауысын қатайтып: «Сендер де хазірет Жүсіптің тұсындағы әйелдер сияқты жөнсіз килігіп, барлық нәрсеге араласасыңдар! Әбу Бәкірге айтыңдар, намаз оқытсын!» – деді. Ел намазға тұрғанда, Алла елшісінің халі жақсарып, екі адамның сүйемелдеуімен мешітке келді. Жанына батқан аурудан аяқтарын сүйрете басып келе жатқаны әлі көз алдымда. Алланың елшісінің мешітке кіргенін көрген Әбу Бәкір (р.а.) артқа шегінуге оқталғанда, Алланың елшісі оған орнында тұруды ишарат етті. Алла елшісін сүйемелдегендер оны хазірет Әбу Бәкірдің қасына отырғызды».

Әнәс (р.а.) былай әңгімелейді: «Расулалла екі күн бойы мешітте көрінбеді. Үшінші күні қамат айтылғанда мешітке келген Расулалла: «Пердені түріңдер!» – деді. Лезде перде түріліп, мешіттің іші жап-жарық болды. Расулалланың атқан таңдай ажары өзіне елдің назарын еріксіз аударды. Мен де еріксіз тесіле қарап қалыппын. Өйткені оның осыншалықты сүйкімді жүзін бұрын-соңды байқамаппын. Ол Әбу Бәкірге намазды бастауға белгі берді. Көп ұзамай, Расулалла рухын тәслім етті. Содан бастап бізге онымен бірге намаз оқу нәсіп болмады».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: