26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыз (с.а.с.) неге көп әйел алған?

Пайғамбарымыз (с.а.с.) неге көп әйел алған?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла елшісі Мұхаммедтің (с.а.с.) көп әйел алуын екі негізге бөліп айтуға болады.

Әуелгісі, жиырма бес жасында бұрын екі рет тұрмысқа шыққан, жасы қырыққа келген  Хадижа (р.а.) анамызбен некелесіп, онымен жиырма үш жылдық бақытты ғұмырын өткізген ел қатарлы некелесу деуге болады. Бұл анамыздан бірнеше балалары да болды. Пайғамбарлықтың сегізінші жылы Хадижа (р.а.) анамыз қайтыс болғанда, қиын сәттерде қасынан табылып, «Пайғамбарлық» ісіне қолдау көрсеткен алғашқы жұбайын қимастықпен қатты қайғырды. Тарихта бұл жыл «қайғылы жыл» деп аталды.

Осыдан кейін төрт-бес жылдай салт басты, бойдақ өмір сүрді. Екіншісі, жасы елу үшке толып, егде тартқан шағында өзге аналарымызбен некелесу ісі орын ала бастады. Бұны «Пайғамбарлық» міндетті орындау мақсатында іске асқан некелесу деп айтуға болады. Неге десеңіз, Алла елшісінің (с.а.с.) әрбір әйелдерімен үйленуі нәпсіқұмарлықтан болмағанын, бәлки, дін насихатын кемелдендіру тұрғысынан болғанын қысқаша былай айтуға болады. Олар: Пайғамбарлық (с.а.с.) дінге қатысты үкімдерді, әсіресе, отбасыға қатысты ішкі мәселелердің қалай атқаратындығы жайлы көпшілік халықтың хабардар бола бермейтінмәселелер төңірегінде діннің үкімдерін жеткізуде Айша (р.а.) және Сәуда (р.а.) сынды аналарымыздың қосқан үлестерін ерекше атауға болады. Алла елшісі соғыста шәһид болып, артына жесір әйелдері мен жетім балаларын қалдырған ардақты сахабаларының жұбайларын кейде өзі некесіне алып қамқорлық көрсетсе, кейде сахабаларына некелестіретін. Мысалы, Үмму Сәләма (р.а.), Мәймуна (р.а.), Хафса (р.а.) және Зәйнәп (р.а.) сынды аналарымыз осындай қорғансыз қалған жандар еді. Бұл әйелдер Алла елшісінің (с.а.с.) некесіне шыққан кездерінде жастары егде тартып қалған болатын. Олардың кейбіреуі көп ұзамай екі, үш айдан кейін қайтыс болса, енді біреулері жеті, сегіз айдан кейін қайтыс болғаны айтылады.

Мұндай деректердің өзі сол аналарымыздың қамқорлыққа қаншалықты мұқтаж болғандарын көрсетсе керек. Алла елшісінің (с.а.с.) әйелдері әртүрлі тайпалардың қызы еді. Ал, Жуайра бинт Харис (р.а.) Мұсталақ соғысында күйеуінен айырылып тұтқын болған мүшрік басшысының әйелі болса, тағы бір соғыста тұтқын болған Сафия бинт Хуайа (р.а.) яһуди басшысының қызы болатын. Бұл екеуі де өз еріктерімен Ислам дінін қабыл еткеннен кейін оларды некесіне алған. Яғни, Алла елшісі (с.а.с.) оларды өз некесіне алу арқылы туысқандық қатынасты тереңдетіп, өзара сыйластықты күшейте түсті. Туысқандық қатынас мүшріктердің де, яһуди, христандардың да пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) және өзге мұсылмандарға жылы шырай тынытып, Хақ дінмен жақын танысуларына өз септігін тигізді.

Зәйнәп бинт Жахш (р.а.) әуелі Алла елшісінің (с.а.с.) асыранды баласы Зайд ибн Харисаның (р.а.) әйелі болған. Шариғат бойынша, адам өз баласының әйеліне үйлене алмайды. Алайда, аяттың түсуі себепті асыранды баланың өз баласы саналмайтындығын, әрі ажырасқан әйеліне де үйленудің дұрыстығын ұқтырған Алланың әмірі арқылы Зәйнәп анамызды өз некесіне алған.Бүгінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) көп әйел алуын нәпсіқұмарлыққа жатқызып жүргендер, оның салихалы өмірінен бейхабар, сөздерінде дәйек жоқ жандар деуге болады. Яки бұл тақырыпта Оны (с.а.с.) қасақана қаралауға тырысқандар Исламға жаны қас еврей және христиан дінін ұстанатын кейбір адамдар. Ал, бұл дінге сенетін адамдардың да бұл әрекеттері ақылға да, өздері сенген Тәурәт, Інжіл секілді кітап ұстанымдарына да қайшы. Себебі, олардың өздері қастерлейтін бұл кітаптарда көптеген пайғамбарлардың көп әйелмен некелі екендіктері баяндалған. Мысалы, Тәуратта Ибраһим, Дәуіт, Сүлеймен сияқты пайғамбарлардың көп әйелмен шаңырақ құрғандығы айтылған. Ендеше, өздері сенетін пайғамбарлардың көп әйел алуына ешбір кінә тақпаған еврейлер мен христиандардың сонғы пайғамбар Мұхаммедке (с.а.с.) келгенде жалғаннан жала жауып, күйе жағуға тырысулары дұшпандықтан басқа ештеңе де емес (Имани гүл, 287 б.] 

Қорыта айтар болсақ, аталмыш аяттағы бір еркектің некесіне төрт әйелге дейін алуы шарғи бір міндет емес, бәлки, қажеттілігі болған адамдар үшін ерікті амал болып табылады. Әрі барлық әйелдеріне тең қарау және оларды ел қатарлы асырап-бағудың да еркектің мойнындағы міндеті екендігін ескерттік. Шариғат талаптарына сай бір немесе бірнеше отбасын қамқорлығына ала алатын азаматтар үшін Ислам діні бір шектеу қоймайды.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: