26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) тақуалығы мен Алладан қорқуы

Пайғамбардың (с.ғ.с) тақуалығы мен Алладан қорқуы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла елшісін (с.ғ.с) қартайтқан нәрсе

Ибн Аббас әңгімелейді: «Бір күні хазірет Әбу Бәкір (р.а.) Расулаллаһқа: «Уа, Алланың елшісі, шау тартқан сияқтысың ба, қалай?» – деді. Сонда адамзаттың асылы (с.ғ.с): «Мені «Худ», «Уақиа», «Мүрсәлат», «Нәбә» және «Тәкуир» сүрелері қаусатып, қартайтты», – деді».

Алладан қорыққаннан өті жарылып кеткен жас жігіт

Сәһл ибн Сағыд былай әңгімелейді: «Бір ансарлық жас жігіттің жүрегіне Алладан қорқу мен Оған деген құрмет сезімі ұялаған болатын. Жаһаннам есіне түскенде, көз жасы сорғалап қоя беретін. Тұла бойын меңдеп, санасын жаулап алған осы қорқыныштан ол үйінен аттап басып шықпай қойды. Алла елшісі сахабалардан оның бұл жағдайын естіп-білген бойда жас жігіттің үйіне тартты. Алла елшісі оны көрген бетте баурына басып, қапсыра құшақтады. Сол сәтте жас жігіт Пайғамбарымыздың құшағында жан тапсырды. Ардақты елші: «Достарыңды ақтық сапарға әзірлеңдер. Қорқыныштан оның өті жарылып кетті», – деді».

 «Менің білгенімді білсеңдер...»

Әбу Зәрр (р.а.) былай деген екен: «Аллаға ант етем, егер де менің білгенімді білсеңдер, әйелдеріңмен жақындаспақ түгіл, төсектеріңде жата алмас едіңдер. Алла мені адамнан гөрі томар немесе жемісі желінген ағаш етіп жаратқанда ғой!». Әбу Дәрда (р.а.) былай депті: «Өлімнен кейін не күтіп тұрғанын білсеңдер, тәбеттерің тартып тамаққа бас қоймақ түгіл, бір жұтым су ішуге зауықтарың соқпас еді. Жылы төсектеріңді тастап қашар едіңдер.

Көпшілік жиналған жерге барып, бір-біріңе мұң шағып, көз жастарыңа ерік берер едіңдер. Әттең, Алла мені кесілген және жемісі төгіліп, қураған қу ағаш етіп жаратқанда ғой!»

Хазірет Алидің тақуалыққа байланысты айтқан сөздері

Күмәйл ибн Зияд былай әңгімелейді: «Бір күні хазірет Алимен (р.а.) бірге серуендеуге шықтым. Мазардың тұсына келгенде, Али (р.а.) кідіріп: «Уа, бақилық болған қабір тұрғындары! Уа, тәні құртқұмырсқаға жем болып шіріп, жалғыз қалғандар! Қандай арыз-армандарың бар? Мал-мүліктерің елге таратылды, балаларың жетім қалды, қыздай сүйген, жастай қосылған аяулы жарларың бүгінде біреудің түтінін түтетіп отыр, күйеулерің басқа әйелдерге үйленді.

Біздің бар айтарымыз осы. Сендердің жағдайларың қалай?» – деп ұзақ толғанды. «Егер олар бізбен тілдесе алса, сөзсіз «Ең қайырлы азық – Алладан қорқу» дер еді деп, ағыл-тегіл жылады. Сосын маған: «Уа, Күмәйл, қабір – амалдар сандығы. Ол жерде не сақталғанын өлгеннен кейін түсінесің!» – деді.

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: