Тәпсіршілер мен Құран экзегетикасы мамандары Құран Кәрімдегі аяттардың санын зерттегені секілді, Құран сөздерінің саны туралы да ізденген.
Құран Кәрімдегі келген барлық сөздердің саны Абдуллаһ ибн Масғудтан (р.а.) жеткен дерек бойынша – 77934, Мужаһид және Сағид ибн Жубәйрден келген риуаятта – 77437, Ата ибн Ясардан – 79277178 деген сандар жеткен. Сол секілді басқа да көзқарастарды кездестіруге болады. Сандардың мұндай әртүрлі келу себебі, кейбір сөздер базбір ғалымдардың көзқарасында сөз ретінде танылса, оны кейбірі сөз деп санамаған. Сонымен қатар, араб тілінде сөздердің айтылуы мен жазылуы және қырағат ерекшеліктерінің болуы да Құрандағы сөздер мен әріптердің нақты санын анықтауда қиындық тудырады.
Жәләлуддин әс-Суюти: «Құрандағы сөздер мен әріптердің санын білу және оған қатысты пікірталастырудың астарында ешқандай пайда жоқ»,– десе, имам әс-Сахауи: «Мен Құранның әріптері мен сөздерін санаудың еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Егер де артықшылықтар мен кемшіліктер, қателер мен бұрмалаушылықтар орын алған кітап туралы сөз қозғалатын болса, бұл тақырыпқа ден қойып, пікірталастар жүргізудің нәтижесі болар еді. Ал, Құранға келер болсақ, онда бұлардың ешқайсысы болуы мүмкін емес»,– деген. Дегенмен, имам әс-Суюти мен өзге ғалымдардың Құран аяттары мен сүрелеріне қатысты ауқымды зерттеулер жүргізгеніне карағанда, Құранға және оның мазмұнына қатысты қандай да бір ізденістердің пайдасыз емес екендігін көреміз. Өйткені Құранға қатысты кез келген тақырып, тіпті әрбір сөзі мен әрбір мәселесі зерттеушінің назарында болып, талқылануы адамның санасын байыта түседі. Әрі оны жан-жақты және өте мұқият зерттеуге мүмкіндік туындайды. Ал, Құран Кәрімдегі әріптер санына келер болсақ, Құран әріптерінің санын қарастырған еңбектерде бірнеше көзқарастар келтірілген.
Соның ішінде Ибн әл-Жәузидің «Фунуну әл-әфнән» атты еңбегінде: «Құран Кәрім аяттарының барлық әріптерінің саны жайында Ибн Масғудтан – 304740, Хамза ибн Хабибтен – 373250, Асым әл-Жухдариден – 363300, Әбу Мұхаммед Рашид әл-Хамани әл-Басриден – 360023; 340700 деген деректер жеткен. Ал, мәдиналықтар мен кейбір куфалықтар Құран әріптерінің саны – 325250»,– деген. Одан да басқа түрлі сандар келтірілген деректер бар. Мысалы, имам әт-Табарани еңбектерінің бірінде, Омар ибн әл-Хаттабтан (р.а.) «Құран миллион жиырма жеті мың әріптен тұрады. Кімде-кім сабырлықпен және сауабынан үміттене отырып оқыса, оған әрбір әріп үшін хор қыздары беріледі»,– деген деректі жеткізген.
Кейбір ғалымдар: «Бұл Құранның кейбір аяттары мансұхталмай тұрғанға дейінгі әріптер саны»,– десе, көпшілік ғалымдар бұл риуаяттың дұрыс емес екендігін алға тартқан. Ибн әл-Жаузи Құрандағы әрбір қайталанып келген әріптердің санына қатысты Әл-Қадый Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Халафтың: «Әлиф – 48940, бә – 11420, тә – 1404, сә – 10480, жим – 3322, ха – 4138, ха – 2503, дәл – 5998, зәл – 4934, ра – 1680, зәй – 12606, син – 5999, шин – 2115, сад – 2780, дад – 1682, та – 842, за – 1204, айн – 9409, ғайн – 1229, фа – 9813, қаф – 8099, кәф – 10522, ләм – 33502, мим – 26922, нун – 26955, уау – 25506, һа – 17007, ләм әлиф – 4709, йай – 25717. Ал, әріптерге қойылған ноқаттар саны – 1 025 030»,– деген дерегін келтірген.
Сол секілді Ибн Атия өзінің еңбегінде: «Кейбір зерттеушілердің айтуы бойынша, Құран сөздерінің саны – 77436, әріптер саны – 320211»,– дей келе, Құран әріптерінің келесі статистикасын келтірген: «Әлиф – 48800, бә – 11201, тә – 10199, сә – 1276, джим – 3273, ха – 3993, ха – 2416, дәл – 5642, зәл – 4699, ра – 11793, зәй – 1570, син – 5891, шин – 2253, сад – 2081, дад – 2607, та- 1274, за – 842, айн – 9020, ғайн – 7499184, фа – 8497, қаф – 6823, кәф – 10354, ләм – 33522, мим – 26135, уау – 25536, һа – 19090, йа – 25919».
Осы статистика негізінде, аталмыш автордың жүргізген есебіне сәйкес Құран әріптері қолданылу жиілігіне қарай: Әлиф, ләм, мим, йа, уау, һа, ра, бә, кәф, тә, айн, фа, ғайн, қаф, син, дәл, зәл, ха, джим, дад, ха, шин, сад, зәй, сә, та, за тәртібінде тұрады. Бұл жерде келтірілген екі еңбектен «зәй», «сә», «ра», «тә» әріптерінің сандары арасындағы үлкен айырмашылықтарды көруге болады. Ибн әл-Жәузидің еңбегінде келген Әл-Қадый Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Халафтың статистикасында аталған төрт әріптің санында қателік орын алған болуы мүмкін. Өйткені, қолымыздағы мұсхафтардан санау барысында анықталғандай, ақиқатқа жақынырағы – Ибн Атияның еңбегінде келгені. Ал, өзге әріптер санындағы айырмашылықтар араб әліппесіндегі орын алған өзгерістер мен Құран жазуының өзіндік ережелеріне байланысты болса керек. Деректердің бірінде әл-Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи Құранды хатқа түсірушілер мен қариларды жинап алып, оларға Құранның аяттарын, сөздерін және әріптерін санап шығуға бұйрық береді. Олардың есебі бойынша жалпы Құран 6220 немесе 6204 аяттан, 77434 сөзден және 325072 әріптен тұрады.
Ал, Құран Кәрімде араб тілінен басқа тілдердегі сөздердің қолданылуына токталар болсақ, Құранда араб тілінен басқа тілдердегі сөздердің қолданылғандығына қатысты Имам Әбу Мансур Мәуһуб ибн Ахмед әл-Жауалиқи «Әл-Муарраб мин әл-кәләми әл-ағжами», Имам әс-Суюти «Әл-Муһаззаб фимә уақаға фи әл-Құрани мин әл-муарраб» атты еңбектерін арнаған.
Осы еңбектердің негізінде қорыта айтсақ, бұл мәселеге қатысты ғалымдардың арасында көзқарастар бар. Алайда, Имам әшШафиғи, Ибн Жарир әт-Табари, Әбу Ұбайда, әл-Қадый Әбу Бәкір секілді көпшілік ғалымдар Құран Кәрімде өзге тілден енген сөздердің қамтылмағандығын айтқан. Олар пікірлерін Құранның «Расында, Біз мұны арабша Құран түрінде түсірдік» («Юусуф» сүресі, 2) секілді аяттарымен қуаттайды.
Ибн Жарир әт-Табари секілді өзге де ғалымдардың айтуы бойынша Құранның кейбір сөздерінің парсы, не хабаша, яки набатей тілдерінде келуі – бұл сөздердің басқа қауымдардың тілінде болғаны секілді, араб лексиконында болып, бір сөз бірнеше тілдерде орын алған. Басқа ғалымдар бұл сөздердің барлығы таза араб тілінде, себебі араб тілі өте бай тіл деген пікірді алға тартса, кейбірі бұл сөздердің араб тілінде өзге қауымдардың тілінен бұрын қолданыста болған болуы мүмкін екендігін айтады.
материал «Құран ілімдеріне кіріспе» кітабынан алынды,
ummet.kz