Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы 2025 жылға арналған Бағдарлық баяндамасында мәлімдеді.
«Имамдардың білімі мен біліктілігін көтеру – заман талабы. Бұл бағыттағы жұмыстар менің ұдайы назарымда. Имамдарға терең діни білім беру мақсатында Астана қаласынан Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институтын ашып, шетелден тәжірибелі ұстаздарды, ғалымдарды арнайы алдырдық. Бұйырса биыл институттың алғашқы түлектеріне диплом табыстап, жауапты діни қызметтерге тағайындаймыз. Осындай игі істердің жалғасы ретінде, Алла қаласа, биыл киелі Түркістан қаласынан оңтүстік аймақтағы имамдардың білімін жетілдіру мақсатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Ислам институтын, осы оқу ордасы жанынан «Ижаза» беру орталығын ашамыз. Бұл оңтүстік өңірдегі имамдардың білімін шыңдауға серпін береді» деді Бас мүфти.