Бұл дүние тіршілігі бір ойыншық, ермек ғана. Күдіксіз, ақырет жұрты анық тіршілік. Əттең! Олар білсе. ("Ғанкəбут" сүресі, 64)
Адам баласы үшін əйелдер, балалар, алтын-күмістен жиналған қазыналар, сəнделген аттар, малдар жəне егіндерді қызыға сүю əдемі көрсетілді. Бірақ, олар дүние тіршілігінің сəні. Негізінде, орынның жақсысы Алланың қасында. ("Əли Имран" сүресі, 14)
Дүние тіршілігі бір ойын, ермек қана. Егер иман келтіріп, сақсынсаңдар, Алла сыйлықтарыңды береді. Сендердің малдарыңды сұрамайды. ("Мұхаммед" сүресі, 36)
Сондай діндерін ойын-сауыққа алғандарды жəне дүние тіршілігіне алданғандарды қойып, Құран арқылы ескерт. Біреу қылығы себепті зиянға ұшырамасын. Негізінен, оған Алладан өзге ешбір дос, не қолдаушы жоқ. Жəне əрқандай төлеу берсе де, одан алынбайды. Міне, сондай қылықтарының салдарынан жанышталғандар үшін қарсылықтары себепті қайнап тұрған судан, сусын əрі жан түршігерлік азап бар. ("Əнғам" сүресі, 70)
Біліңдер! Шын мəнінде, дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сəн жəне өзара мақтанысу, сондай-ақ малдарды, балаларды көбейту ғана. Бұның мысалы: Өсірген өсімдігі имансыздарды таңырқатқан жаңбыр сияқты. Сонан соң қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Ақыретте қатты азап əрі Алладан жарылқау, ризалық бар. Негізінде, дүние тіршілігі бір алданыштың ғана нəрсесі. ("Хадид" сүресі, 20)
Шын мəнінде, дүние тіршілігінің мысалы: Біз көктен жаудырған жаңбыр тəрізді. Ол арқылыадамдар, малдаржейтін өсімдіктер аралас өсіп, жер жүзі құлпырып зейнеттенген кезде, жер иесі; пайдалануға күшіміз жетеді деп ойлаған сəтте, түнде не күндіз əміріміз келіп, тіпті кеше болмаған тəрізді түбінен орылғанға айналдырдық. Ойланатын қауымға аяттарымызды осылайша айырып баян етеміз. ("Юныс" сүресі, 24)
Олардың бұл дүние тіршілігінде қылған қайырларының мысалы: Өздеріне зұлымдық істеген елдің егініне тиіп жоқ еткен суық боран тəрізді. Оларға Алла зұлымдық етпеді, бірақ олар өздеріне зұлымдық етті. ("Əли Имран" сүресі, 117)
Кім дүниені қаласа, Біз де қалаған кісімізге дүниеде қалағанымызды береміз. Сонан соң оны жəһаннамға саламыз. Ол оған қорланып, мəрхаметке зар болған түрде кіреді. Ал кім мүмін болған түрде Ақыретті қалап, сол үшін тырысса, міне, солардың тырысулары шүкірге (қабылдануға) лайықты. (Мұхаммед ғ.с.) дүние тілеген бұларға да, Ақырет тілеген оларға да Раббыңның мəрхаметінен береміз. Негізінен, Раббыңның берері тыйылмайды. ("Исра" сүресі, 18-20)
(Мұхаммед ғ.с.) оларға дүние тірлігінен мысал бер: (Дүние тірлігі;) көктен Біз жаудырған жаңбыр арқылы жердің өсімдіктері бір-біріне араласып, құлпырып, одан құрғақ үгіндіге айналып, оны желдер ұшырып кеткен тəрізді. Сондай-ақ Алла, əр нəрседен үстем күш иесі. Мал мен балалар, дүние тіршілігінің сəні. Ал бақи (мəңгі) қалатын жақсылықтар болса, Раббыңның қасында; табыс бойынша да жақсы əрі үміт тұрғысынан да жақсы. Қиямет күні тауларды жүргіземіз де, жерді жап-жазық көресің. Жəне де Адам баласын; олардан ешкімді тастамай жинаймыз. Олар Раббыңның құзырына қатарланып келтіріледі. Оларға: «Бастапта жаратқанымыз тəрізде келдіңдер, тіпті сендерге бір уəделі мерзім белгілемедік деп ойладыңдар» (делінеді.) Ғамал дəптері алдарына қойылады. Сонда күнəкарлардың одан қорыққанын көресің. Олар: «Ойпырымай! Бізге нендей өкініш! Мына кітапта кішкенені де, үлкенді де тастамай-ақ түгендепті» дейді. Сондай-ақ олар істегендерін дайын түрде табады. Раббың ешкімге əділетсіздік қылмайды. ("Кəһф" сүресі, 45-49)
материал «Құран антологиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz