27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

«Мәзһаб ұстану – қажет емес...» дейтіндерге жауап

«Мәзһаб ұстану – қажет емес...» дейтіндерге жауап

Ислам тарихы

Негізінде, Ислами мәселелер «Муттафақун а'лайһ», «Мухтәлафун фиһ» деп екіге бөлінеді. Біріншісі – нақты, бұлтартпас дәлелдермен дәлелденген барлық Ислам ғұламаларының бір көзқарастағы мәселелері. Мысалы, Алланың даралығында, соңғы пайғамбардың Мұхаммед (с.ғ.с.) екендігінде, намаздың бес уақыттығында, зекеттің парыз екендігінде т.б. осы сияқты мәселелерде жалпы мұсылмандар арасында еш талас-тартыс жоқ.

Мұсылмандардың бір көзқараста болған осындай мәселелеріне қарсы шыққан адамға: «Сенікі дұрыс емес, сен адасудасың»,– деп айта аламыз. Бірақ, «Мухтәлафун фиһ», яғни мұсылмандардың әу бастан әр түрлі көзқараста болған тармақ мәселелерінде белгілі бір көзқарасты таңдаған адам басқа бір көзқарастағы адамға: «Сендердікі дұрыс емес, тек қана біздікі дұрыс, біздің жол – ақиқат жолы, сендер, адасып жүрсіңдер»,– деп айта алмайды. «Бәлкім, менің таңдағаным, меніңше, дұрысырақ» деп қана айта алады. Өйткені, барлық мәзһабтың өзіндік шариғи дәлелдері болғандықтан, «тек қана менікі дұрыс» деу – мұсылмандар арасында бүлік шығарып, өзара қырқысуларына әкеліп соғады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім ижтиһад етудің нәтижесінде ақиқатты дөп басса, онда оған екі сауап беріледі. Ал қателессе, бір сауап беріледі»,– деп ижтиһад етуге лайық адамдардың берген фәтуларында кем дегенді бір сауаптың бар екендігін сүйіншілеген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл хадисінен «менікі ғана дұрыс, сен, адасудасың» деген бүлікке себеп болар түсініктің де қате екенін ұғамыз.

Сахабалардың да, одан кейін келген табиғиндардың да арасында діннің кейбір мәселелерінде әртүрлі көзқарастар болмай тұрмайтын. Мысалы, Әбу Саъид әл-Худри мынандай қызық оқиғаны риуаят етеді: «Бір күні екі кісі сапарға шықты. Жолда намаз уақыты кірді. Бірақ, әлгі екі кісі дәрет алатын су таба алмады. Сөйтіп, екеуі де таза топыраққа тәйәммүм соғып, намаздарын оқиды. Алайда, оқыған намаздарының уақыты шықпай тұрып, су табылып қалады. Осы жағдайдан кейін әлгі екі сахабаның біреуі уақыт шықпай тұрып су табылғандықтан, тәйәммүммен оқыған намазы-ның дұрыс болмағанын ойлап, дәрет алып, намазын қайта оқиды. Ал екіншісі тәйәммүммен оқыған намазым жеткілікті деген ниетпен, намазды қайта оқымайды. Осыдан кейін екеуі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, бастарынан өткен жағдайды баяндайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазын қайта оқымаған адамға: «Сен, менің сүннетімді дөп бастың, оқыған намазың жарамды дейді. Ал қайталап оқыған сахабасына: «Саған екі сауап жазылды»,– дейді» (Сунану Әби Дәәуід, 1-том, 93-бет. «Дәрул-фикр» баспасы).

Жоғарыдағы оқиғадан байқағанымыздай, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазын қайталап оқыған адамға «сен, қателестің, құрдымға кеттің» демейді. Керісінше, «саған екі сауап жазылды» деп кей жағдайда қателескен күннің өзінде Алланың рақымымен екі сауап жазылатындығын сүйіншілеген.

Имам әл-Бухари өзінің хадис жинағында Абдулла ибн Омардан мынандай оқиғаны риуаят етеді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Хайбар соғысы аяқталғаннан кейін сахабаларына: «Екінді намазын тек Бәни Құрайзаға барып оқыңдар»,– деп бұйырады.  Жолда екінді намазының   уақыты кіреді де, кейбір сахабалар намазды Бәни Құрайзаға барғаннан кейін оқимыз дейді. Ал енді біреулері: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Екінді намазын тек Бәни Құрайзаға барып оқыңдар» дегені – бізге тезірек барыңдар дегені. Сондықтан, біз оқып аламыз»,– деп жолда  намаздарын өтейді. Кейін бұл жағдай  Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтылғанда  Пайғамбарыз (с.ғ.с.) ешкімді кінәламады» (Сахихул-Бухари, 1-том, 321-бет. Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж.).

Иә, Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) ешбір сахабасын кінәламады. Неліктен? Себебі, екінді намазын жолда оқымаған сахабалар Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с.) «Екінді намазын тек Бәни Құрайзаға барып оқыңдар» деген бұйрығын тікелей түсінген-ді. Ал екінді намазын жолда оқығандары болса, Алла елшісінің сөзінің астары мен мақсатынан «Бәни Құрайзаға кешікпей тезірек бару керектігін» ұққандықтан, солай жасады. Намаздарын жолда оқыған сахабалардың ниеті Оның (с.ғ.с.) бұйрығына қарсы шығу болмағандықтан, Алла Расулі оларды кінәламады. Ендеше, мәзһаб ғұламаларының да кейде бір мәселеде түрлі пікірде болуы – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінің тікелей мағынасын алуында немесе сөздің астары мен мақсатына бойлауында жатқанын түсіну қиын емес. Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ешкімге кінә артпаған мұндай себептерге байланысты шыққан әртүрлі түсінікке ие мәселелерде «менікі ғана дұрыс, сен, адасып жүрсің» деп ислам үмметі арасында бүлік шығару Пайғамбар  (с.ғ.с.) сүннетіне  қатты қайшы екені даусыз.

Сахабалардың арасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) миғражға рухымен бе, жоқ әлде, рухымен қоса тәнімен шық-қандығы, ол жерде Аллаһ тағала-ны көріп-көрмеуіне байланысты әртүрлі көзқарастар бар болатын. Сахабалардың кейбіреуі намазда «бисмилланы» оқыса, енді  біреулері оны оқымайтын. Ал оқитындардың қайсібірі оны жария айтса, қалғандары іштей оқитын. Бірақ, әртүрлі бұл көзқарастар олардың бірліктері мен ынтымақтарына зәредей де кері әсерін тигізбейтін. Кейінгі мәзһаб ғұламалары да бір-бірін қатты сыйлаған. Мысалы, ханафи ғұламасы әл-Қади Әбу Усам шафиғи ғалымы Қаффалдың мешітіне барады. Әбу Усамды көрген Қаффал муәззинге қаматтың Ханафи мәзһабы бойынша түсірілуін тапсырады да, Әбу Усамға имам болуды ұсынады. Әбу Усам намаз оқытады. Бірақ, өзі Ханафи мәзһабын ұстанатындығына да қарамастан, намазда «бисмиллаһты» Шафиғи мәзһабы бойынша жария оқиды (Әбдул Желил Жандан, Мүслүман Ве Мезһеб, 45-бет «Елест» баспасы, Стамбул, 2004ж. Қосымша қараңыз; Мәурәуи, әл-қаулус-садид).

Имам Ахмадтың көзқарасы бойынша, мұрын қанаса немесе денеден қан алдырған жағдайда, дәрет бұзылады. Кейбір кісілер Ахмед ибн Ханбалға: «Сізге намаз оқытайын деп тұрған адамның денесінен қан шықса, сөйте тұра ол дәретін қайталап алмаса, ондай имамның артына тұрып намаз оқисыз ба?» деп сауал қояды. Имам Ахмед болса: «Имам Малик пен Саъид ибн Мусаййаб секілді адамдардың артында тұрып қалай намаз оқымаймын»,–  деп жауап берді (Шәйх Ахмад Шаһ Уәлиуллаһ ибн Абдир-Рахим әд-Дәһлауи, Хужжатуллаһил-Бәлиға, 1-том, 296-бет. «Дарул-кутубил-ъилмия» баспасы, Бәйрут, 1995 ж.). Имам Малик пен Саъид ибн Мусаййабтің көзқарасы бойынша, денеден шыққан  қанның салдарынан дәрет бұзылмайды.

Міне, ғұламалардың арасын-дағы әртүрлі көзқарас пен мәзһаб ерекшелігі бір-біріне деген сыйластықтарына сызат түсірмейтін.

Христиандар мен еврейлер екеуі екі бөлек халық, діндері де екі бөлек. Ғасырлар бойы бір-бірімен шайқасып, қырқысып келген. Бірақ, осындай діндері де, ұлттары да екі бөлек бір-бірімен ғасырлар бойы соғысып келген екі халық мұсылмандарға қарсы күресте тарихтарындағы соғыстарын, бір-біріне деген ыза-кектерін ұмытып, бірігіп ынтымақтаса білді. Ал енді мұсылмандардың болмайтын тармақ мәселелерінде қызылкеңірдек болып, бір-бірін ренжітіп, бүлік шығаруларына не демекпіз. Барлық мұсылмандардың Жаратушылары – бір, Құрандары – бір, Пайғамбарлары – бір, сүнннеттері – бір, намаздары – бір, ораза-зекеттері – бір, Қағба-құбылалары – бір, тіпті, дұшпандары да – бір, осындай ортақ мәселелері бола тұра «намазда қолыңды Ханафи мәзһабы бойынша емес, біздікі сияқты байла, құныт дұғасын олай емес, бұлай оқы» деу сияқты маңызды емес түймедей мәселелерді түйедей етіп, «менің таңдаған көзқарасыммен жүрмедің» деп жүрегін ыза мен кекке бұқтыруы қандай ағаттық десеңізші!

Мен «Намазда «Фатихадан» кейін, әминді іштей айту дұрыс емес, жария айту керек», «Намазда қолды бірақ рет емес, рүкуғқа бара жатқанда және қайтқан кезде де көтеру керек» деп намазын енді-енді оқып жүрген діни сауаты төмен жандардың басын қатырып, қоғамда бүлік шығарып жүрген адамдарға қатты налимын. Себебі, мұндай адамдардың көтеріп жүрген бұл мәселелері ислам дінінің негізгі мәселелері емес. Бұған қоса Ханафи мәзһабы бұл үкімдерді түс көріп түсінген жоқ. Қиялға салып, ойдан шығармады. Барлық мәселеге  Құран мен сүннеттен дәлел бар. Олай болса, халықтың ғасырлар бойы ұстанған мәзһабын жамандап, жаңа мәзһабты тық-пыштауға тырысудың жұрттың басын қатырып, шатастырудан, ел ішіне іріткі енгізуден өзге қандай пайдасы бар?! Қырық жыл тынымсыз күрестің нәтижесінде халыққа «әминді жария айтқызып, үтірді бір рәкат» оқытсақ,  халқымыздың дүниелік барлық проблемалары шешіліп, ақыретте бәрі жұмақтық бола ма? Жоқ, әлде бұл мәселелер қабірде сұралып, ақыретте есеп беретін маңызды мәселелер ме екен? Құранның қай аятында, Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с.) қай хадисінде «әминді жария оқымайтындар жұмаққа кірмейді, қолдарын көтермейтіндер қабірде азап шегеді» деген жері бар?! Ал, олай болмаса, біз күш-қуатымызды қайда жұмсаудамыз?! Тәйірі, халықтың ықылым заманнан үйренген мәзһабын мәнсұх етіп, екінші бір жаңа мәзһабты кіргізудің бүлік шығарудан өзге нендей жемісі бар?

Ханафи мәзһабы біздің кез-келген мәселелерімізді шешетіндей бай, барша қажеттілігімізді өтейтіндей қолайлы. Себебі, бұл мәзһаб бүгін шыққан тегі жоқ жаңа ағым  емес. Тарихы бар, сүйенген негізі бар. Бұл мәзһабпен кезінде бірнеше ислами мемлекеттер, оның ішінде, әсіресе, жеті ғасырға жуық уақыт Осман халифаты  басқарылған. Қазіргі таңда да әлем мұсылмандарының жартысына жуығы осы мәзһабты ұстанады. Сондықтан, Ханафи мәзһабының сүннеттен дәлелі жоқ, яки, болса да әлсіз деп оған атүсті қарауға әсте болмайды. Біз, бұл жерде басқа сүнни мәзһабтарды қателесіп, адасып жүр деуден де аулақпыз. Тек айтпағымыз – еліміздегі мұсылмандар ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын ұстанғандықтан, халық арасындағы ауызбіршілікті сақтау, әрі енді енді намаздарын оқып үйреніп жүргендердің ойын сан-саққа жүгіртпеу үшін халқымыздың үйреншікті мәзһабын насихаттауымыз қажет.

Иә, шетелден келген келімсек миссионерлерлер руханиятқа аш, адал халқымызды алай да арбап, бұлай да арбап, қаракөз қандастарымыздың иманына қол сұғып жатқан мына заманда мұндай тар түсінікке жол болсын! Жаһанданудың жалынымен, жастарымыздың батысқа ес-түссіз еліктеп жатқан осынау сұрапыл заманда біз нені күйттеп жүрміз? Отбасы құрып, шаңырақ көтерген жастарымыздың үштен бірі бір жылға жетпей ажырасып тынуда. Нәтижесінде, жесір қалған жас келіншектер. Жетім қалған бесіктегі сәбилер. Еңсесі түскен еркектер. Арасы бұзылған құдалар. Жылына екі жүз мыңға жуық сәби ресми түрде қолдан түсікке құрбан болып отыр. Ал оның ресми емес жағы, бұл саннан әлде қайда көп екені тағы рас. Мұның бәрі халықтың шариғаттан шалыс кетіп, ғұрпымыздан қалыс кеткендігінің улы «жемісі». Ал енді қоғамымызда осындай проблемалар тұрғанда, бұлардың бәрін бір жаққа жинастырып қойып, әлгіндей ұсақ мәселерді даудамайға айландырып, қоғамның шырқын бұзған адамның ақылы мен парасатына күмәнім бар. Мұның мысалы, Меккеге қажылыққа барған Ханафи мәзһабындағы бір мұсылманның қажылық міндеттерінің бәрін бір жаққа жинастырып қойып, намазда «әминді» жария айтатын басқа мәзһабтағыларға, «сендердің бұларың дұрыс емес, әминді іштен айту керек» деп өзінше дәлелдеуге тырысып, бос әурешілікке түсіп жүрген өресі төмен сауатсыз адамнан да жаман.

Құранда бірнеше жерде басшыларыңа бағыныңдар делінеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – отанымыздағы барша мұсылмандардың қара шаңырағы. Сондықтан, ел бірлігін сақтап, түрлі бүлікке жол бермеу үшін жеріміздегі барша мұсылмандар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының берген фәтуларын негізге алғаны жөн.

Тарихта мұсылмандардың әлсіреулері, басқаларға жем болулары – тек араларындағы ынтымақтың әлсіреуінен болған. Испания, Құдыс, Виана, Бұхара секілді мұсылман орталықтары да осындай себептерден құлаған. Македониялық Ескендір Иран мен Иракты басып алғаннан кейін екі өлкенің халқын қылышпен шауып әлсіреткісі келеді. Алайда, ұстазы Аристотель оған: «Бұлай істеме, екі халықты жоқ етудің ең жақсы жолы – араларына бүлік кіргізіп, бір-біріне айдап салу» деген екен. Шынымен-ақ, екі елдің арасына іріткі салу арқылы,  екі мемлекет те қатты әлсіреген екен (Әбдул Желил Жандан, Мүслүман Ве Мезһеб, 13-бет. «Елест» баспасы, Стамбул, 2004 ж.).

Міне, сондықтан, енді-енді ғана тәй-тәй басып, мұсылмандық шарттарын жаңадан үйреніп жүрген аз ғана халқымыздың арасында бәрінен бұрын бірлік пен ынтымақ қажет.

Сөз түйіні, ғибадатта негізгі мәселе, сыртқы форма емес, құлшылық болғандықтан, уақытымызды қолыңды алай байла, бұлай байла сияқты маңызсыз нәрселерге кетірмей, тақуалыққа, көркем мінезді болуға, Жаратқанды көріп тұрғандай, кәміл сеніммен ғибадат жасауға, халқымыздың иманына себеп болуға, жалпы еліміздің негізгі мұқтаж нәрселеріне жұмсасақ, қандай жақсы. Бәлкім, кейбір мұсылмандардың маңызды мәселелерін тастап, осындай нәтижесінде ешқандай пайдасы жоқ мәселермен айналысуының арт жағында басқалардың саяси ойыны да бар шығар дей, келе мұсылмандарды қырағылыққа, парасаттылыққа үндейміз. Күш-қуатымызды жаңа жол салуға жұмсағаннан гөрі, ықылым заманнан үйренген жолымызды жандандырып, халықты ізгілік пен имандылыққа, бірлік пен ынтымақтыққа шақырайық.

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: