Исламда «хуббул-уатан минәл-иман – отанды сүю иманнан» деген қанатты сөз бар. Отанын, елін, жерін жақсы көру – иманнан. Дін және отан – өте қасиетті ұғымдар. Ел игілігіне тілектес діндарлар үшін де Отаннан қымбат ештеңе жоқ. Себебі ислам діні мұсылманға өзі туып-өскен отанын сүюге, оны қорғауға үндейді.
Асыл дініміз Исламда да отансүйгіштікке, туған еліңді қадірлеуге айырықша мән берген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Отаныңды, яғни тарихи мекеніңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында бірнеше хадистер қалдырған. Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Отанды қорғау, оны сүю, оған көрсетілген құрмет – мұсылман баласы үшін сауап болып жазылмақ. Бұл жайлы хадисте былай делінген: «Бір күн, бір түн шекара күзету, күндіздері ораза ұстап, кештерін құлшылықпен өткізген бір айдан да жақсырақ. Егер шекара күзету барысында қаза болса, жасағысы келген амалының сауабы мен рызқы жалғасып, қабір жаманшылығынан аман болады» (Муслим, Имара 163. II, 1520).
Ұшса құстың қанаты талатын, шапса ат тұяғы шаршайтын осынша байтақ жерімізді бабаларымыз бекер жау қолынан қорғаған жоқ. «Өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз» деген сол бабалар «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген еді. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Сіздер дұшпанмен қарсыласуды тілемеңдер. Алладан кешірім сұраңдар. Ал, дұшпанмен кездескенде сабыр және күштеріңізбен қарсы тұрыңыздар» (Муслим, жихад, 20. III, 1362. Бұхари, жихад,112. IV, 9).
Бұл хадиске де бабаларымыз амал жасап, кең даласын найзасымен де, қала берді қызыл тілдің шеберлігімен де қорғай білген. Отанды сүю иманнан. Әр адам үшін кіндік қаны тамып туып өскен, яғни өз отанынан қымбат жері жоқ. Қандай бір шет елде болса да сол бір шаң басқан, қаңбағы желмен қаңғырған туған жерін сағынады да тұрады. Отанымыздың ұлтарақтай ғана жері үшін қаһарман ата-бабаларымыз қасық қаны тамғанша күресіп, бізге мирас етіп қалдырды. Сондықтан барлығымыз ата-бабаларымыздан мирас етіп қалдырған жерді аманат деп, көздің қарашығындай сақтау баршамыздың борышымыз.
Әр адамға өз отанын қорғау, оны сақтау парыз екен. Иманды жандар, жүрегі түзу мұсылмандар өзінің отанын қастерлеу, өзінің отанын қорғау, отанын сүю киелі ұғым екенін білуі керек. Сөзімізді Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) жасаған дұғасымен аяқтайық: «Уа, раббым! Бұл жерді қауіпсіз, бейбіт мекен еткейсің» («Бақара» сүресі, 126-аят).
материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,
ummet.kz