25
Сәрсенбі,
Қыркүйек

һижри

Ақыретке иман ету – аса зәру қажеттілік

Ақыретке иман ету – аса зәру қажеттілік

Ислам тарихы

Ислам дінінің басқа да негіздері секілді ақиретке иман етудің көптеген себептері бар. Оның үстіне ақыретке иман ету Аллаға иман етудің нәтижесі болып табылады. Өйткені, Ұлы Жаратушының бұл дүниеде көрініс берген сипаттары ақиреттің болуын қажет етеді.

Мәселен, Раббымыз – Хаким. Сол себепті әр нәрсені сан мыңдаған хикметпен жаратады. Сондықтан шексіз қабілеттер арқылы көркем етіп жаратқан адамның жоқ болып кетуіне жол бермейді. Оны ардақтап жаратқандықтан ардақты бір мекенге жайғастырары сөзсіз.

Алла Тағала – Рахим. Шексіз мейірім иесі. Сол себепті мәңгі ғұмыр кешуді жан-тәнімен қалайтын адам баласының тілегін сөзсіз береді. Оның үстіне мұндай қалауды адамға о баста берген – Алла Тағала. Мәңгілікті қалау сезімін беріп, алайда мәңгі ғұмыр кешуді бермесе, бұл әрекет Оның мейіріміне сай келмес еді.

Алла Тағала – Адил. Оның әділдігі бұл дүниеде толықтай көрініс таппағандықтан, ол міндетті түрде басқа бір әлемде жүзеге асары сөзсіз.

Алла Тағала – Хафиз. Әр нәрсені қорғаушы. Ол жаратылыстың түр-әлпетін, бітім-болмысын өзгертуі мүмкін, бірақ оны мәңгілікке жоймайды. Ал ардақтап жаратқан адам баласының топырақ астында шіріп жоқ болып кетуіне жол бермейді.

Алла Тағала – Кәрим. Яғни жомарттық жасауды, сый беруді жақсы көреді. Ол жомарттығы мен теңдессіз сыйын Өзіне мойынсұнған құлдарына береді. Ал иләһи сыйды толықтай алатын жер ол сөзсіз ақирет әлемі болмақ Адам баласының жаратылысы да ақиреттің болуын қажет етеді. Себебі, мұншалықты көркемдікпен жаратылған жаратылысы тым күрделі адам баласы көптеген қабілеттерге ие болғанына қарамастан аз ғана уақыттан соң өледі. Демек, ондағы ерекше қасиеттер бұдан да керемет кейіпте басқа бір жерде жалғасын табады. Ал олай болмаған жағдайда адамның мұншалықты күрделі жаратылуына ешқандай қажеттілік жоқ. Адамның қиялы да мәңгілікті аңсайды. Егер бір адамға былай делінсе: – Саған бір миллион жыл өмір беріледі және бұл дүниенің патшасы болып ғұмыр кешесің. Алайда ақыр соңында өліп жоқ боласың. Осыны қалайсың ба әлде бұл дүниеде қысқа әрі қиыншылық ішінде өмір сүріп, бірақ өлімнен кейін мәңгі әрі бақытты ғұмыр кешуді қалайсың ба?

Нәпсісін жеңе білген адам бұл ұсынысқа былай жауап береді: «Жоқ, патшалық болса да, мың жыл өмір сүрсем де, ақыр соңында өліп жоқ болатын болсам, мұның не мәні бар. Мұны қаламас едім. Қиыншылығы мен қызықшылығы қатар жүретін әдеттегі бір өмірді сүріп, ақыр соңында мәңгілік бақытқа жетуді таңдар едім» дейді. Себебі, адамның рухани әлемі мәңгілікті аңсайды. Мұндай шексіз қалау иесі бар адам баласы бұл фәниге сыймайды. Тіпті дұрыс ойланған адам жоқ болып кетуден гөрі жаһаннамда болса да мәңгі ғұмыр кешуге разылық танытады. Себебі, өмір сүру дегеніміз – бар болу деген сөз. Ал бар болудың ең жаман түрінің өзі жоқ болудан әлдеқайда жақсы. Осы тұрғыдан қарағанда жаһаннамның жаратылуының өзі Раббымыздың мейірімінің көрінісі болып табылады. Өйткені, кез келген қылмыскер немесе күнәһар адам мүлдем жоқ болып кетуден гөрі өмір бойы қапаста отырғанды артық көреді. 

материал «Тәрбие сағатынан естеліктер» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: