24
Сейсенбі,
Қыркүйек

һижри

Ризық қайтсе рухани ризыққа айналады?

Ризық қайтсе рухани ризыққа айналады?

Ислам тарихы

Ризық қайтсе рухани ризыққа айналады? Адам тек тәннен тұрмайды, оның рухы, рухани жағы бар, сондықтан оның ризығы да рухани кейіпте болуы керек. Ислам діні адам баласына бұл мәселенің шешімін көрсеткен.

Адам өзіне берілген материалдық ризықтарды төменде берілген үш жол арқылы рухани азыққа айналдыра алады, олар:

1. Ризықты Алла тағала бергенін есіне алу арқылы;

2. Шүкіршілік ету арқылы;

3. Адалынан ішіп-жеу арқылы. Енді осыларға жеке-жеке тоқталайық.

1. Иманды жанның көзімен қарағанда, жаратылыстағы әрбір нәрсенің белгілі бір мәні бар, олардың әрқайсысы әріп, сөз немесе сөйлем іспеттес мағына береді. Жаратылыс «кітабындағы» «әріптердің» арасында ризық та қамтылған. Мәселен, бір әріпті көрсек, оны жазған біреу бар деп ойлаймыз, дәл сол секілді ризық та оны жаратып, адамға тарту еткен Жаратушыны көрсетеді. Мүмін адам иманы арқылы сол ризықтың астарынан Жаратушыны меңзейтін мағынаны ұғынады. Барша жаратылыстың әрбірі өзінен гөрі өзін жаратқан Жаратушыны көбірек нұсқайтынын, Алланың бар екенін түсіне алады, бірақ имансыз жандар «әріпті» ғана көріп, оны «жазғанды» көре алмайды.

2. Ризықтың нәтижесі – шүкіршілік. Ризық өзінің тамаша түсімен, жұпар иісімен және бал татыған дәмімен пендені шүкіршілікке жетелейді. Осыны ұғынған пенденің алғашқы ісі шүкірлік ету болмақ. Ризық адамға шүкір еткізеді, ал шүкіршілік Ұлы Жаратушының разылығына ие болуға себеп болады. Несібесіне қарай аузына салған нығметті құдіретті Жаббар иенің мейірім қазынасынан келген сый деп ұқса, тіл үйірген ләззаты сол сәтте арта түседі. Нығмет нұрға айналады. Сөйтіп, ол тек асқазанын ғана емес, көңіл сарайы мен рухани дүниесін нұрға бөлеп, рухани азық болады. Шүкіршілік жаннаттың жемістеріне қол жеткізуге себеп болады. Сөйтіп шүкіршілік ету арқылы фәни дүниенің уақытша, өткінші ләззаты мәңгілікке айналып шыға келеді. Ал шүкірсіздіктің нәтижесінде әлгі нығметтер қалай келген болса, солай кетеді. Артында ауыртпалық пен өкініш қана қалады. Шүкір етілмеген ризықтың ешқандай мәні жоқ. Тек ас ішіп, аяқ босату ғана. Ал ризықтың мәнін арттыратын нәрсе – шүкірлік жасау. Мұндай түсініктен жұрдай жанның ризыққа деген талпынысы жанжануарлардың талпынысымен бірдей болады. Егер ризықты Жаратушыны көрсететін «әріп» деп ұғынсақ, жан дүниемізде Раббымызға шүкірлік ету сезіміміз оянады және қанағат, үнемшілдік секілді жақсы қасиеттер күшейеді. Ал шүкіршілігі жоқ пенде ысырапқа, дүниеқоңыздыққа немесе арам асқа құмартып тұрады.

3. Ислам адалынан ішіп-жеуді бұйырады, тіпті адал астың өзін аз жеуді өсиет етеді. Бүкіл пайғамбарлар мен әулиелер өмірде «аз жеу, аз сөйлеу және аз ұйықтауды» негізге алған. Ендеше, адал астың өзін белгілі бір өлшеммен қолданатын мүміннің харам асқа құмартуы мүмкін бе? «Қолына түскенді жеп, аузына келгенді айтатын» жандардың иманнан несібесі аз. Харам ас жеген пенденің дұғасы қабыл етілмейді. Молда Журжани өзінің шәкіртіне үнемі мына өсиетті айтады екен: «Харамнан сақтан, одан аулақ жүр!» Бірде ағай, шәкірт – екеуі табақтас болып, асқа отырғанда, шәкірті ұстазына былай дейді: «Ағай, сіз менің ризығыма ортақтасып, бірге жеп отырмыз. Егер менің асым арам болса, сіз де арам ас ішкен боласыз ғой». Молда Журжани бұған былай деп жауап береді: «Ондай жағдайда маған астың ішіндегі адалы бұйырады». Шәкірті бір кезде табақты айналдырып қояды. Молда Журжани міз бақпастан әрмен қарай тамақтана береді. Сонда шәкірті: «Міне, енді арам асты жегеніңізге еш шүбәм жоқ», – дейді. Бірақ молда Журжанидің бұған да жауабы дайын еді: «Жоқ, арам жемедім. Сенің алдыңдағы астың арамы, ал менің алдымдағы астың адалы бітті, сондықтан да табақты айналдырдың, ‒ деген екен.

Міне, мұндай терең түсінік Ислам діні арқылы келген болатын.

материал «Тәрбие сағатынан естеліктер» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: