23
Дүйсенбі,
Қыркүйек

һижри

Ислам – жаңалықтар енгізу үшін емес, ілесу үшін

Ислам – жаңалықтар енгізу үшін емес, ілесу үшін

Ислам тарихы

Мүміндердің анасы Умму Абдуллаһ Айша (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім біздің бұл ісімізге қатысы болмаған жаңалық енгізсе, ол қабыл етілмейді», – деді», – деген.

Бұл хадис Исламның ұлы негіздерінің бірі және амалдарды сыртқы жағынан бағалаудың өлшемі. Хадистің мазмұнынан Алла Тағала мен Оның елшісінің (с.а.с.) шариғатына сай келмеген әрбір амал қабылданбайтындығы және ол иесіне (істеушісіне) қайтарылатындығы туралы ұғым шығады. Демек, дінімізге біреу Алла және Оның елшісі (с.а.с.) рұқсат етпеген кез келген істі жаңалық етіп енгізсе, мұнысы ешқашан да дін істерінен болып есептелмейді.

Ән-Нәуәуи (Алла оған рақым етсін): «Бұл хадисті есте ұстау керек және барлық діннен емес деп қайтарылған істердің жалғандығына дәлел ретінде келтіру қажет», – дейді. Ал Ибн Хажар әл-Һайтами: «Ол – Ислам қағидаларының бірі және мәні мен маңыздылығы тұрғысынан қарастырғанда, ең пайдалы қағидалар қатарына жатады. Өйткені ол шариғат үкімдері шығарылатын әрбір дәлелге әмбебап алғышарт болып табылады», – деп айтқан.

Хадисті және оның неге жөн сілтейтінін түсіну

1. Ислам – жаңалықтар ендіру үшін емес, ілесу үшін Пайғамбарымыз (с.а.с.) Исламды фанаттардың шектен тыс құлшыныстарынан және жалғаншылардың бұрмалауларынан қысқа да нұсқа, аз сөзбен көп мағына беретін сөздерінің (жауамиъул-кәлим) қатарына жататын осы хадис арқылы сақтады. Бұл хадис Пайғамбарымыздың (с.а.с.) салған сара жолына ілесу барысында оған қандай да бір артықшылықтар немесе өзгерістер енгізбеу құтылу мен жетістікке жетудің қажетті шарты екендігін көрсететін Алла Тағаланың көптеген аяттарымен мағыналас. Мәселен, Алла Тағала: «(Мұхаммед! Оларға): «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер, сонда Алла да сендерді жақсы көреді» де»; «Әлбетте, бұл – Менің тура жолым. Соған ілесіңдер! (Басқа) жолдарға ілеспеңдер. Әйтпесе олар сендерді Оның жолынан айырады», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) құтпаларында: «Сөздердің ең жақсысы – Алланың Кітабы, жолдардың ең жақсысы – Мұхаммедтің жолы. Ал істердің ең жаманы – жаңадан ойлап табылғандары. Себебі кез келген жаңалық – бидғат, ал әрбір бидғат – адасушылық», – деп жиі айтатын.

Осы хадистің басқа риуаятында бұл айтылғандарға қосымша: «Әрбір адасушылық тозақта», – делінген (Әл-Бәйһақи).

материал «Әл-Уәфи» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: