24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Қырық жыл бойы жамағат намазын жіберген емеспін»

«Қырық жыл бойы жамағат намазын жіберген емеспін»

Ғибратнама
Жарнама

Уақытты тиімді пайдаланған ғұламалар өмірінен үзінді:

Сағыд ибн Мусайб айтты: «Мен қырық жыл бойы жамағат намазын жіберген емеспін». Имам Масруқ қажылық қылған кезде тек сәжде хәлінде ұйықтайтын еді. Амр ибн Абдуқайсқа бір кісі келіп, «Тоқташы, сенімен сөйлесейін» деген кезде: «Онда күнді тоқтат» деп жауап қатқан.

Мағруф әл-Кархидың жанындағы адамдардың отырысы ұзаққа созыла бастайды. Сол кезде Мағруф былай дейді: «Сендердің тұрғыларың келмеді ме? Расында, күн періштесі оны жүргізуден шаршамады».

Әбу Бәкір ән-Наһшали өлім аузында жатқанда оған жолдастары зиярат етпекке үйіне келеді. Сөйтсе, Әбу Бәкір ишара етіп намаз оқып жатыр екен. Жолдастары одан «Осындай ауыр хәлде де ме?» деп сұрағанда, ол «Амал дәптерімді толтыруға асықпын», - деп жауап қатқан.

Әбу Бәкір әл-Аттар былай дейді: «Мен Жунейд ауыр хәлде жатқанда оған зиярат етіп бардым. Ол отырған күйде намаз оқып жатты. Рукуғ, сәжде жасағысы келсе орнынан тұратын. Бір кезде оның екі аяғы жансызданып, қозғалуы ауырлай бастады. Сөйтіп, екі аяғы ісініп кетті. Зиярат етіп келгендердің бірі ісінген аяқты көріп айтты:

- Бұл не?

- Бұл – нығмет. Алла – Ұлық! - деп жауап берді. Жунейд намазын оқып болған соң Журейри келіп, одан жатып, демалуын өтінген кезде, Жунейд былай деді: «Уа, Әбу Мухаммад, біз бұл уақыттан өз үлесімізді аламыз. Алла Ұлық!»

Имам Жунейд тәнінен жаны ажырағанға дейін сол хәлінен үзілмей құлшылық етті. Дауд әт-Таийдың қызметшісі одан сұрайды:

- Мына нанды жесеңіз қайтеді?

- Нанды шайнау мен фәтитті ішудің арасында елу аят оқитындай уақыт бар.

Яғни, нанды шайнап отыру сорпа ішуден көп уақыт алатындықтан Дауд әт-Таий нан жеуден бас тартқан.

Асим ибн Әли айтты: «Язид ибн Һарун қырық жыл бойы түнгі намазды оқыған дәретімен күндізгі намазын оқитын еді».

Әбу Ысқақтан жеткен хабарда былай делінеді: «Имам әл-Асуад сексен рет үлкен және кіші қажылық сапарға барған».

Абдурахман ибн Саруан айтты: «Имам әл-Асуад ибн Язид денесі жасылданып, сарғайғанға дейін өзін намаз, ораза арқылы шыңдап отырған. Алқама оған «өзіңді неге бұлай азаптайсың?» деп айтқанда, әл-Асуад былай деп жауап берген: «Демалуға орын жоқ. Іс насырға шапты». Түсіндірме: «Іс насырға шапты» дегені — бізді күтіп тұрған ақырет ісі жақын».

Ата ибн әс-Сәиб айтты: «Мурра әт-Тайиб күніне мың ракағат намаз оқитын. Денесі ауырлай бастағанда төрт жүз ракағат намаз оқыды. Мен оның тізесін көргенде, оның тізесі түйенікі секілді еді». Түсіндірме: Көп сәжде қылғаннан тізесі түйенің тізесіне ұқсай бастаған.

Асбағ ибн Язид былай дейді: «Уайс әл-Қарни кеш батса, «бұл рукуғ қылатын түн» деп, таң атқанша рукуғ қылатын. Басқа бір түні «бұл сәжде қылатын түн» деп, таңға дейін сәждеде жататын».

Мухаммад ибн Ысқақ айтты: «Абдурахман ибн әл-Асуад ибн Язид қажылық сапарында бізге келіп тұрақтады. Оның бір аяғына зақым келген екен. Сөйтіп, ол бір аяғымен тұрып таңға дейін құлшылық етті. Ол құптан намазына алған дәретімен таң намазын да оқыды. Кейін бізге Ләйс ибн Әбу Сулейм келіп, дәл солай жасады».

Сағыд ибн Мәймун былай дейді: «Амир ибн Абдуқайстың қызметшісінен Амирдың құлшылығы туралы сұрағанда, ол былай деп жауап қатты: «Оған күндіз әзірлеген тағамымды ол түнде ғана жейтін. Түнде жатып тынықсын деп жайған төсенішке ол тек күндіз ғана жататын».

Бәну Тәмим азат қылған Сухайм айтты: «Бірде Амир ибн Абдулла намаз оқып жатқан кезде оның жанына келіп отырдым. Ол намазын аяқтап, маған бұрылды да, былай деді:

- Мен асығыс едім. Қажетіңді тезірек айт.

- Сені не асықтырды?

- Өлім періштесі! - деді. Мен орнымнан тұрдым да, кете бердім. Ол да өз орнынан тұрып, кері намаз оқуға кірісті».

Муғаза әл-Адауия былай дейді: «Әбу әс-Саһба жатар орнына жорғалап барғанға дейін намаз оқитын еді».

Сәһл ибн Әслам айтты: «Сәбит әл-Бунани әр түні үш жүз ракағат намаз оқитын. Таң атқан шақта екі табаны солып қалатын. Сонда, ол табанын уқалап отырып, «Нағыз құлшылық ететіндер кетіп, мен жалғыз қалдым, неткен өкініш еді», - деп айтқан».

Мухаммад ибн Зейд жеткізеді: «Абдулла ибн Омардың су жинайтын ыдысы болған. Сол ыдыстан жеткілікті мөлшерде су алып, оған дәрет алып, намаз оқиды екен. Кейін құс ұйқысындай ғана уақыт мызғып алатын. Қайта тұрып, дәрет алып, намаз оқып, қайтадан төсегіне оралатын. Кейін қайтадан тұрып, дәрет алып, намаз оқиды. Бір түнде осылай төрт-бес мәрте жасайтын».

Атыя ибн Қайс жеткізеді: «Әбу Мүслим әл-Хаулани Рим жерінде соғысып жүрген кезі. Дамаск қаласының тұрғындары онымен көрісуге келеді. Келген уақыттарында Әбу Мүслим өзінің әскери тұрағына шұңқыр қазып, оған былғары төсеніш төсеп, су құйдырған. Өзі болса сол жерде көлеңкеге саялап отыр, әрі аузы берік екен. Бұны көрген жұрт: «Алла Тағала сапар мен соғыс кезінде ораза ұстамауға рұқсат берді ғой. Сен сапарлаушы бола тұра, өзіңді бұлай шаршатқаның не?» деп сұрақ қояды. Сонда ол былай деп жауап береді: «Егер жау әскері келсе, ауыз ашып, қуаттанып аламын. Расында, жылқы семіз болса, барар жеріне жете алмайды. Арық болса ғана жетеді. Шынтуайтында, біздің алдымызда амал етуіміз қажет болған күндер бар».

Шурахбил ибн Муслим айтты: «Екі адам Әбу Мүслим әл-Хауланидің үйіне келеді. Отбасы мүшелерінің бірі оның мешітте екенін айтады. Әлгі екеуі мешітке барса, Әбу Мүслим намаз оқып жатыр екен. Екеуі күтіп отырып, оның жасаған рүкуғтерін санауға кіріседі. Біреуі үш жүз рүкуғ санаса, екінші төрт жүз рүкуғ санаған екен».

материал «Ғұмырды сақтау» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: