25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Күйеулерге кеңес: Мына 10 амалмен үйдегі бақытқа қол жеткізесің

Күйеулерге кеңес: Мына 10 амалмен үйдегі бақытқа қол жеткізесің

Исламдағы отбасы
Жарнама

Имам Ахмад ибн Ханбалдың отау құрған ұлына айтқан өсиеті:

“Ей, ұлым! Расында, сен әйеліңе жасайтын он амалмен ғана үйдегі бақытқа қол жеткізесің. Жадыңда сақтап, оған бекем бол.

Бірінші және екінші қасиет: Расында, әйелдер мейірімділік пен махаббатты ашық айтқанды ұнатады. Әйеліңе ол нәрселерді айтуда сараңдық танытпа. Егер онда сараң болсаң әйелің екеуіңнің араңа салқындық пердесін түсіріп, сүйіспеншілікте кемшілік жасаған боласың.

Үшінші қасиет: Әйелдер қатал, дөрекі еркекті ұнатпайды. Ал әлсіз, жұмсақ еркекті өз дегеніне қолданады. Сол себепті де, әр сипатты өз орнында қолдан. Осы ісің махаббат пен тыныштыққа қол жеткізуіңе жақсы себеп болады.

Төртінші қасиет: Еркектер әйелдің жақсы сөзін, көркем көрінісін, киімінің тазалығын және хош иісін ұнататыны секілді әйелдер де еркектің бойындағы сол нәрселерді ұнатады. Барлық жүрістұрысыңда көркем бол.

Бесінші қасиет: Расында, үй – әйелдің мемлекеті. Ол үйде өзін таққа отырған патшайым секілді сезінеді. Оның өмір сүріп жүрген мемлекетін қиратудан, оны отырған тағынан ысырудан аулақ бол. Егер де олай жасайтын болсаң, оның мүлкіне дауласқан боласың. Патша үшін оның патшалығына таласқаннан артық дұшпандық жоқ. Тіпті ол оған ашық көрсетпесе де.

Алтыншы қасиет: Әйел күйеуінің жүрегін жаулауды және отбасысын да жоғалтпауды қалайды. “Мен немесе отбасың” - деп, өзіңді оның отбасымен бір таразыға салып өлшеуші болма. Егер де өз отбасының орнына сені таңдайтын болса, онда ол қайғы-мұңға түсіп, сосын күнделікті өміріңде дұшпандыққа ауысады.

Жетінші қасиет: Әйел қисық қабырғадан жаратылды. Бұл – оның айып тұсы емес, керісінше осы оның сұлулығы мен тартымдылығының сыры. “Қастың сұлулығы – қисықтық” - деген. Егер ол кешірім жоқ қателік жасап қойса, жауапқа тарта көрме. Қисықты түзетуге тырысып, сындырып алма. Оны сындыру – онымен ажырасу. Егер қателессе, өзіне қойып, қисығы одан әрі артуына жол беріп, тастап та қойма. Ол кезде саған иілмей, сөзіңе құлақ аспайтын болады. Онымен әрқашан орташа бол.

Сегізінші қасиет: Әйелдің табиғаты жақсылықты теріске шығаруға бейімделген. Олардың біріне өмір бойы жақсылық жасап, бір рет жамандық жасап қойсаң, ол: “Мен сенен ешқашан жақсылық көрмедім”, - дейді. Бұл мінез сенің одан алыстауыңа және жек көруіңе себеп болмасын. Сен оның осы мінезін ұнатпағаныңмен, басқа мінезіне разы боласың.

Тоғызыншы қасиет: Әйел адам дене әлсіздігі мен психологиялық шаршау сынды жағдайлардан өтеді. Тіпті, Алла Тағала осы жағдайларда да парыз еткен бірнеше парыздарды оның мойнынан түсірді. Алла Тағала осы жағдайларда одан намазды толығымен түсіріп, оразаны денсаулығы қалыпқа келгенге дейін кешуілдетті. Сен де осы жағдайларда Алла Тағала оған парыздарды жеңілдеткені секілді, жеңілдік танытып, бұйрықтарың мен талаптарыңды жеңілдет.

Оныншы қасиет. Әйел – сенің тұтқының секілді екенін біл. Тұтқыныңа мейірімді болып, әлсіздігіне көз жұма қара. Сонда ол саған хайырлы серік болады. Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Әйелдермен әрқашан жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Шындығында, әйел қабырғадан жаратылған. Ал оның жоғарғы жағы біршама қисықтығымен ерекшеленеді. Егер қабырғаны түзетемін десең, онда сындырасың, ал оны жайына қалдырсаң, ол қисық күйінде қала береді. Сол үшін әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар», - деген. 

материал «Мұсылманға ескерту» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: