Тек таң намазын ғана оқып жүрген адам болса, яғни бес уақыт емес тек таң намазын ғана оқыса, сол адамның оқыған намазы қабыл болмай, ол – намаз оқымаған адаммен тең болады деген рас па? Тек таң намазын оқып жүруге бола ма?
Исламда бес уақыт намаз оқу міндет. Тек, таң намазымен ғана шектелуге болады деген дінімізде жеңілдік қарастырылмаған. Сол себепті, таң намазын ғана оқып жүрген болсаңыз, қалған намаздарды да бастағаныңыз жөн. Алда-жалда әлдебір зәрулік себепті намаздың бірін уақтылы оқи алмай қазаға қалып жатса, үйге келгенде немесе одан бұрын мүмкіндік туғанда қазасын өтеп тұрыңыз. Намаздың қазасын өтеу де парыз.
Ал, енді, «тек таң намазын оқыса, қабыл болмайды, ол адам намаз оқымаған адаммен тең» деген мәселеге келер болсақ: Таң намазын оқып жүрген кісі – таң намазын өтеген болады. Алла Тағала ниетіне қарай онысын қабыл етеді деген үміттеміз. Бірақ, қалған төрт намазы мойнында қарыз болып жинала беретіндігін де қаперде ұстау керек. Сондықтан да, жоғарыда айтып өткеніміздей, ертерек өзге намаздарды да оқып бастағаныңыз дұрыс.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz