13 маусым. АСТАНА. Ummet.kz – Германияның астанасында орналасқан Пергамон мұражайы Ислами өнер туындылары мұражайындағы 11 мың жәдігерді онлайн тамашалауға мүмкіндік жасады, деп хабарлайды kazislam.kz сайты.
Ғаламтор желісі арқылы Ираннан, Иорданиядан, Түркиядан, Сириядан, Пәкістаннан, Ирактан және басқа да Ислам мемлекеттерінен табылған сәулет өнерінің топтамалары, майда өнім үлгілері, зергерлік бұйымдар, ескі теңгелер және қылқалам туындыларын көруге болады
Берлин мұражайындағы Ислам топтамасы әлемдегі ең бай жинақтың бірі болып саналады. Мұражайда Испанияның жартысын мұсылмандар билеген Кордова әмірлігі кезеңінен Индиядағы Моғолдар басқарған кезеңге дейінгі жәдігерлер қойылған.
Мұражайдың мақсаты – Ислами өнер туындылары Таяу Шығыстың танымал кілемдерімен ғана шектелмейтінін дәлелдеу. Мұсылман әлемінің көптеген туындылары әлемдік мәдениет пен тарихтың жауһарлары саналатынын мойындауымыз керек.