02
Сенбі,
Қараша

һижри

Батыс Қазақстанда Жәңгір хан құдығы қалпына келтірілді

Батыс Қазақстанда Жәңгір хан құдығы қалпына келтірілді

Ел іші
Жарнама

7 маусым. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Бөкей ордасы ауданындағы облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығында Жәңгір хан құдығы қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Бұл құдық заманында Хан ордасын сумен қамтамасыз етіп тұрған. Қазақстанда хан құдығы бұрынғы өз орнында алғаш рет қалпына келтіріліп отыр.

Хан құдығының бұл нұсқасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева жетекшілік ететін «AP05135126  - Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» атты іргелі ғылыми жоба негізінде жүзеге асты.

Хан құдығының құрсаулы шелегін, сабын, су ішетін саптыаяғын ағаш шебері, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы сәндік қолданбалы өнер кафедрасының аға оқытушысы, реставратор Мақсат Мағзұмов қалпына келтірді. Сондай-ақ ағаш кесу, сұрыптау, шығырын орнату жұмыстарына жергілікті ағаш шеберлері Өмірбек Серғалиев, Жандарбек Бегеев, Табиғат Саматов, ал қазу, өлі топырағын, суын шығаруға музей қызметкерлері тартылды.

Тәттігүл Ерсайынқызының айтуынша, жалпы, құдық қазу тарихы тереңде жатыр. Бұған қазақ жеріндегі ежелгі қала-қоныстардан құдық іздерінің табылуы дәлел. Көне құдықтар дәстүрлі қазақ ауылының бір бейнесі іспеттес. Осы орайда дәстүрлі әдіспен құдық қазудың жүйесі сақталған аймақтың бірі - Бөкей ордасы. Бұл өңірде құдықтың қабырғасын шегендеудің үш түрі қалыптасқан: тал (шілік) буманы орай отырып,  спираль түрінде өріп шығару; тал шыбықтарынан шарбақ жасап, төрт бұрыштап бекіту; қарағай ағаш кесінділерімен сұрыптап, төрт бұрыштап немесе бес бұрыштап қалап шығару. Ғалымның сөзіне қарағанда, хан құдығы жергілікті қарағай ағашынан сұрыптау әдісімен, 1827 жылы Жәңгір сыздырған карта-схема негізінде құдықтың бұрынғы болған, тарихи орнында қайта  жасалды.  Жәңгір Хан ордасы құрылысымен бірге екі құдық қаздырған. Бірі резиденцияның қасбетінде (қазіргі таңда артқы жағы), бау-бақша егілген алаңда, ал екіншісі резиденцияның артқы алаңында орналасқан. Екі құдықтың да үстінен уақытында ағаш шатыр тұрғызылған. Құдық шамамен ХІХ ғасырдың соңына дейін қызмет еткен. Кейін қолданыстан мүлдем шығып, шатыры құлатылып, құдықты көміп тастаған.

Жәңгір хан уақытында Хан ордасында болған М.Я.Киттары «Ставка Хана Внутренней Киргизской Орды» атты еңбегінде хан құдығы суының дәмін қайнар суына теңеген. И.Казанцев «Описание Киргиз-Кайсак» атты еңбегінде Жәңгір ханның басшылығымен  қазылған Нарын құмындағы құдық суының таза, мөлдір, тұщылығын артезиан суына балаған. Хан құдығының суы - Нарын құмындағы табиғи судың дәмін жоймаған, мөлдір, тұнық әрі тұщы. Қарағай ағашы адам ағзасына пайдалы, қарағайдың пайдалы қасиетін қазақ халқы «балқарағай» деген теңеумен жеткізген.

20190607142848

«Құдықтар - халқымыздың мәдени мұрасының ерекше үлгісі. Қазіргі таңда Қазақстан музейлерінің қай-қайсысында болмасын су сақтауға, су ішуге арналған ыдыстар саны шектеулі, кей музейлерде жоқтың қасы. Әсіресе, көн шелек, тері шелек, мес қауға, тері қауға сияқты, теріден жасалынған сыйымдылығы үлкен шелектер мүлдем сақталмаған. Сондықтан оларды да қайта қалпына келтіру қажеттілігі туындайды. Бұл жолы музей қорына тапсырыспен жасалған ағаш шелектің қайта қалпына келтірілген нұсқасы - осы игі мақсаттың нәтижесі», деді ҚазАқпарат тілшісіне Тәттігүл Қартаева.

20190607142826 1

20190607142924

Бөлісу: