5 маусым. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Мемлекет басшысы Ораза айт мерекесінде «Нұр Астана» мешіті мен «Астана» медресе колледжіне барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орнының жұмысымен танысып, оқу үдерісі мен материалдық-техникалық базасының жоғары деңгейде екенін айтты.
Студенттермен әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті оқу және жатын орындарының жағдайын сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай оқу орнында оқитын шәкірттер ынталы әрі тәрбиелі болуы керектігін атап өтті.
– Сіздерді қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, жақсылықтар мол болсын, бақ-береке тілеймін. Келесі Рамазан айына басымыз аман, бауырымыз бүтін, халқымыздың төрт құбыласы түгел жетуге нәсіп етсін. Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! - деп тіледі Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті еліміздің игілігі үшін дұға жасады.