14 желтоқсан. АСТАНА. Ummet.kz – Маңғыстау өңірінен 5 бірдей ежелгі жерасты мешіті мен 20 құдық табылды, деп хабарлайды kazislam.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Аймақ тарихшылары мұндай олжаға тарихи-мәдени нысандарды зерттеуге бағытталған кешенді экспедицияның алғашқы кезеңінде қол жеткізіп отыр.
XIX ғасырға тән жерасты мешіттері Маңғыстау мен Түпқараған аудандарының аумағынан табылған. Қазір оларды кімнің салып, қандай құрылыс материалдарын қолданғаны зерттеліп жатыр. Ал табылған құдықтар есепке алынып, аймақта құдықтар картасы жасалмақшы.
«XIX ғасырдың 20-жылдары өңірде суы ащы-тұщысы аралас 4168 құдық болған. Ал, бүгінде шөл далада тіршілік көзі болған құдықтардың қаншасының бар екендігі белгісіз»,- дейді ғалымдар.
Экспедиция жұмысына алыс-жақын шетелдерден 40 ғалым қатысты. Олар археологиялық ескерткіштерді зерттеп, этнографиялық ақпараттарды жинақтады. «Отпантау», «Шерқала» сынды тарихи орындардың туристік әлеуетімен танысты.
«Осыған дейін I-IX ғасыр аралығындағы Маңғыстау өңіріне қатысты бірде-бір дерек тіркелмеген еді. Аймаққа жасалған экспедицияның арқасында ежелгі тарихтың жаңа беттері ашылып жатыр. Көптеген ескерткіштер табылуда. Өлкені кешенді зерттеу жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Алдағы уақытта қоржынымызды тағы да құнды деректермен және жәдігерлермен толтырамыз деген ойдамыз,» - дейді Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы директорының орынбасары Марат Өтесінов.