05
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Алматыда Дінмұхамед Қонаев атындағы мешіт ашылды (ФОТО)

Алматыда Дінмұхамед Қонаев атындағы мешіт ашылды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

19 қараша. АСТАНА. Ummet.kz – Кеше Алматы қаласындағы Алатау ауданына қарасты Ақбұлақ шағын ауданында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы мешіттің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.  

Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлының Құран оқуымен басталған салтанатты шара шымылдығын ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев ашып,  Алматы жұртшылығын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады. Қала бойынша үлкендігі жағынан екінші орын алатын жаңа мешітке елі үшін аянбай қызмет еткен Дінмұхамед Қонаев атамыздың есімі берілді.

Наиб мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің атынан мешіттің бой көтеруіне ұйытқы болған Әбенов Дәулет Тоғайұлына және Халибек Зейноллаұлына Алғыс хат табыстап, шапан жапты. 

Құлшылық ордасының ашылу салтанатына арнайы шақырылған қонақтар – Дінмұхамед атамызбен қызметтес болған Кеңес Ауқадиев ел ардақтысы туралы сыр шертсе, ал Дінмұхамед атамыздың қарындасы Роза Ахметқызы жүрек толқытар сөз сөйлеп, елімізде 40 қаланың салынуына себеп болған асыл ердің рухын сыйлап жиналған елге үлкен алғысын білдірді.

Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқарма басшысы Айдар Есенбеков Алматы қаласына көрік беріп тұрған мешітке құтты болсын айтып, жастар тәрбиесінде осындай имандылық үйлерінің көптеп салына беруіне тілектестік білдірді. 

Соңынан шашу шашылып, жамағат екі бас намаз оқып, Құран бағыштауға мешітке кірді. Ел-жұрт жаңа мешітке Бас имам болып тағайындалған Кульмусаков Мейіржанға алдағы діни қызметінде сәттілік тілеп, ақжолтайын айтты.

2014 жылы құрылысы басталған екі қабатты мешітте бір мезетте екі жарым мыңға жуық адам намаз оқи алады. Мешіттің михрабы шығыс стилінде безендіріліп, ұстындары қазақи оюлармен нақышталған. 

Бөлісу: