9 қараша. АСТАНА. Ummet.kz – Бейбітшілік және келісім сарайында шетелде тұратын отандастарымыздың қатысуымен «Қасиетті Қазақ Елі» халықаралық өнер фестивалі өтті, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Өнер фестиваліне еліміздің әр өңірінен келген қатысушылардан бөлек, Германия, Франция, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркия сияқты алыс-жақын шетелдерден 50-ден астам қандастарымыз қатысты.
Отандастарымыздың шығармашылық және білім әлеуетін арттыру, оларға қатысты маңызды мәселелерді талқылау, туған тіл мен мәдени құндылықтарды игеруі тұрғысынан қазақ диаспорасына әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету, талантты орындаушыларды анықтау және әрі қарай дамуына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған фестиваль аясында мүшайра, терме және халықтық қолданбалы өнер номинациялары бойынша сайыстар өтті.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, «Отандастар қоры» КЕҰ Президенті Нұртай Әбіқаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.
Қатысушылар алдында ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаев құттықтау сөз сөйлеп, «Қасиетті Қазақ Елі» халықаралық өнер фестивалі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта әлемнің 43 мемлекетінде 5 милионнан астам қандастарымыз тұрады. Олардың басым бөлігі Қазақстанмен шекаралас елдерде өмір сүреді: Өзбекстан (900 мың адам), Қытай (1,5 млн адам), Ресей (800 мың адам), Түркіменстан (65 мың адам), Моңғолия (142 мың адам) және Қырғызстан (33 мың адам).