2 қараша. АСТАНА. Ummet.kz - Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Жамиғат-ат тауарих» және «Зикзал» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар қатысты.
Аталған еңбектерді Елбасының «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында Халықаралық Түркі академиясы басып шығарды.
«Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің алғаш рет қазақ тіліне аударылуы – тарихи оқиға. Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» кітабының да ана тілімізге тәржімалануы рухани өміріміздегі елеулі сәттердің бірі», – деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.
Еңбекті парсы, көне шағатай тілдерінен аударған – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, араб, парсы тілінің маманы Зәріпбай Жұманұлы.
Зәріпбай Жұманұлына елеулі еңбегі үшін Түркі академиясының күміс медалі табысталды.