28 қазан. АСТАНА. Ummet.kz – Бүгін Астана қаласындағы «Дәулет» спорт кешенінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жүлдесі үшін қазақ күресінен V Республикалық турнир басталды, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Діни басқарма ұйымдастыруымен қазақ күресінен жылда өтетін дәстүрлі дода биыл Астана қаласының 20 жылдығына орай өткізіліп отыр.
Айтулы шараның ашылу салтанатына қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров, ҚР Спорт және мәдениет министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төраға орынбасары Ерлан Оспанов, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің Төраға орынбасары Балғабек Мырзаев, ҚР Мәжіліс депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының Төрағасы Бекболат Тілеуханов, Астана қаласы Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин, Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, «Дәулет» спорт кешенінің басшысы қазақ күресінен Әлем және Азия чемпионы, «Қазақ барысының» үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев бастаған қоғам және спорт қайраткерлері қатысып, ақ тілектерін арнады.
Спорт додасының ашылу салтанатында Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы палуандарға ақ жол тілей отырып, бүгінгі шараның мән-маңызын айрықша атап өтті. Билеттен түскен қаржының қайырымдылық мақсатында жұмсалатынын тілге тиек еткен Бас мүфти палуандарға сәттілік тіледі. Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетін жаңғыртуға бағытталған бүгінгі сайыстың қоғам арасында салауатты өмірді насихаттауға қосар үлесінің де жемісті болуын тіледі.
Айта кетейік, бүгін боз кілем үстінде Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Руслан Абдуразақ сияқты Азия чемпионы, «Қазақ барысының» жүлдегерлері мен еліміздің барлық аймақтарынан келген жеңімпаздар күш сынасады.
Еліміздің 19 өңірінен келген қырыққа жуық балуанды қолдауға айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, тележүргізуші Бейсен Құранбек, әнші Қайрат Нұртас, Қуандық Рақым және Ұлытау тобы бастаған өнер жұлдыздары да қатысып, спорттық-қайырымдылық шараны әнмен әрлеп, күймен көмкерді.
Жеребе тартылып, жарыс басталар алдында жүректерін үміт пен күдік қатар кернеген палуандарымызға қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыз ақ батасын беріп, ақжарма тілек айтты.