05
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі өтеді

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі өтеді

Ел іші
Жарнама

4 қазан. АСТАНА. Ummet.kz –  2018 жылғы 10-11 қазан аралығында Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі өтеді. Отандық сарапшылар әлемдік дін жетекшілерінің басқосуы қазіргі заман тарихындағы айтулы оқиға екенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Мәдениет және діндер халықаралық орталығының сарапшысы Марат Құдайбергеннің айтуынша, съезд арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпы ұлттық консенсустың үлгісі және қоғамды біріктіру үлгісін көрсетеді. Біздің еліміз этносаралық және дінаралық келісімді сақтауда бай тәжірибеге ие және осы салада кең және тиімді ынтымақтастыққа дайын екендігін дәлелдеп келеді.

«Елбасының дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықты басшылыққа алып ұтымды жүргізіп отырған саясатының арқасында Қазақстан тұрақтылық пен келісімді ұштастырып, дамып келе жатқан алпауыт елдердің қатарына енуді мақсат тұтқан. Еліміз 140-тан астам этностар мен 18 конфессияның басын бір арнаға тоғыстырып, бейбітшілік пен келісім шаңырағында өмір сүруде. Әрине бұл біздің жемісіміз. Осы тұста Елбасының игі бастамаларының бірегейі ретінде Елордамыз Астанада әр үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізуге қатысты ұсынысын атауға болады», — дейді Марат Құдайберген.

Ең алғаш елімізде 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен өткен Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің алғашқы съезі дүниежүзінің халықтары арасында рухани қатынас үрдісін бастады. Бейбітшілік пен татулықты көздейтін ұйымдардың қатарындағы алғашқылардың бірі – Астана қаласында жиналатын Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі. Бастаманың негізінде Қазақстан халықаралық дәрежеде алғашқылардан болып жауапкершілікті өзіне алып, іс жүзінде әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар жетекшілерінің басын біріктіріп, келіссөздерді ұтымды түрде жүргізумен айналыса бастады.

Съездің негізгі идеясы – әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының басын қосатын, дін келіссөзін жүзеге асыратын және келісілген шешімдерді іске асыра отыра, конфессияаралық және ұлтаралық қатынастардағы зорлық пен терроризм әдістеріне қарсы тұратын институт құру болып табылады.

Сарапшы Әлемнің діни көшбасшыларының басын Астанада қосу жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасы мәдениеттер мен өркениеттер сұхбаттастығының жаһандық үрдісінде маңызды орын алғандығын уақыт көрсетіп отырғандығын баса айтты. Оның пікірніше, дінаралық сұхбаттастықты дамытуға қосқан үлесі арқылы біздің елдің әлемдік қоғамдастықтағы абыройы артты, жаһандық құрылымдарда Қазақстан өзінің ізгі бастамаларымен және экономикасы дамыған, өзара түсіністік пен құрмет негізінде дамып жатқан қоғам ретінде танылды.

Биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне 15 жыл толып отыр. VI Съезд «Дін көсбасшылары қауіпсіз әлем үшін» атты жалпы тақырып аясында «Манифест «Әлем. ХХІ ғасыр» жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде», «Геосаясаттағы өзгермелі дін: адамзаттың бірігуі үшін жаңа мүмкіндіктер», «Дін және жаһандану: сын-тегеуріндері және шешімдері», «Экстермизммен терроризмді еңсерудегі дін лидерлері мен саяси қайраткерлері» атты төрт негізгі бағыт бойынша өткізілмек.

Бөлісу: