12 Сәуір. Астана. Ummet.kz - Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Атырау облысына ресми іс-сапармен барды, деп хабарлайды muftyat.kz сайты.
Бас мүфти бастаған делегация облыс əкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауында болды. Нұрлан Асқарұлы Атырауға келген дін қайраткерлеріне жылы лебізі мен ізгі ниетін жеткізіп, мүфтиді жаңа қызметімен құттықтады. ҚМДБ төрағасы Серікбай Сатыбалдыұлы өз кезегінде өңір басшысына алғысын білдірді.
Ресми кездесуде Атыраудағы қазіргі діни ахуал сөз болды. Нұрлан Асқарұлы деструктивті діни ағым өкілдері арасында түсіндіру, ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.
Кездесу барысында тараптар жастарды патриотизмге тәрбиелеу, өңірдегі имамдардың кәсіби біліктілігін арттыру, халыққа дін мен дəстүр сабақтастығын дәріптеу, отбасы құндылығын насихаттау, өскелең ұрпақты жаман əдеттерден сақтандыру, т.б. мәселелер төңірегінде пікір алысты.
Басқосу соңында əкімдік ұжымы мен дін қызметкерлері осы бағытта ынтымақтаса отырып жұмыс істеуге уағдаласты.