06
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Мемлекет басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды (ФОТО)

Мемлекет басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Қарсы алу рәсімінен соң Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсеткені үшін Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға ризашылық білдірді.

– Менің ресми сапарымның Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаған шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянның 100 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар. Мен үшін Сіздің әкеңізбен таныс болғаным – зор мәртебе, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бауырластық қарым-қатынастар мен табысты кездесулер екі ел арасындағы байланыстардың дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

– Өзара уағдаластықтарды іске асырудың арқасында тек 2017 жылы сауда-саттық көлемі 2 есе өсіп, 374 миллион доллардан 643 миллион долларға дейін жетті. Ал 2015 жылдан бастап бұл көрсеткіш 6 есе артты, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев визасыз режім енгізу екі ел арасындағы қарым-қатынастарға оң әсер ететініне назар аударып, тараптар инвестицияларды қорғау, ғарыш технологиялары, су энергетикасы, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты әрі қарай ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.

Соңында Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянға деген ниеттестігін білдіріп, тақ мұрагері Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян ресми сапармен келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. – Халқымның және жеке өзімнің атынан Сізге Біріккен Араб Әмірліктері жеріне келгеніңіз үшін ризашылық білдіремін. Сапарыңыз сәтті болады деп сенемін. Біз бүгін бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қоямыз. Жан-жақты ынтымақтастыққа дайын екенімізді айтқым келеді, – деді Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян.    

***

Ресми сапар барысында тараптар арасында мынадай құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім;

 – Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенін (полиэтилен өндірісі) салуға қатысты ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы меморандум;

 – Атырау облысындағы полипропилен өндіретін зауыт жұмысына қатысу үлесін сатып алуға байланысты өзара түсіністік туралы меморандум;

– «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы акционерлік қоғамының 49% акциясын сатып алудың негізгі қағидаттары туралы негіздемелік келісім;

 – «DP World» компаниясының «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының капиталына қатысуының негізгі қағидаттары туралы негіздемелік келісім;

 – Дубайдағы «ЭКСПО-2020» дүниежүзілік көрмесіне қатысу туралы шарт.

kazislam.kz

BAA1

BAA3

Бөлісу: