06
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Архитектор «Алланың гүлі» мешітінің қандай ерекшелігі болатынын айтты

Архитектор «Алланың гүлі» мешітінің қандай ерекшелігі болатынын айтты

Ел іші
Жарнама

Биыл Астанада тағы бір айшықты құлшылық үйі салынады. Бұл мешіттің жобасы еліміздегі басқа мешіттерден бөлек болмақ. Жобаның авторы – Сағындық Жанболатов. Ол – «Мәңгілік ел» триумф аркасы мен «Хазірет Сұлтан» мешіті жобасының авторы. Беделді архитектор Baq.kz тілшісіне аталған мешіттің несімен ерекшелетінін мәлім етті.

Елордадағы Қорғалжынға апаратын тасжолдың бойындағы көпір маңайында, С 409 көшесінде жаңа мешіттің құрылысы басталған.
Осы жолы Сағындық Жанболатов дәстүрден алыстап, мешітті заманауи символизм және авангард стилінде тұрғызуды жөн санапты.

cf7dc9c4c3ababe2cdbe84825438df4f crop l 17 t 64 w 751 h 422 resize w 520 h

Астанада бой көтеретін мешіттің шартты атауы - «Алланың гүлі». Ол 2 қабаттан тұрады. Онда бір мезгілде 300 адам құлшылық ете алады. Жоба авторы аталған мешіттің несімен ерекшеленетінін айтты.

«Мешіттің сыртына қарасаң, ол киіз үй секілді. Бірақ оның қырлары мен терезелері көп. Ал мешітке жоғарыдан қарасаң, ол лотос гүлі іспетті. Мешіттің іші – өте кең әрі жап-жарық. Ондағы терезелер кішкентай. Сондықтан күннің шұғыласы көзіңе тимейді. Сонымен қатар біз михрабты (Мешіт қабырғасындағы Меккеге бағытталған қуыс белгі. Намаздағы имамның орны, әрі мінажат етушілерге арналған құбыла - автор) алға шығардық. Михраб – жеп-жеңіл. Сондай-ақ, мешіттің мұнарасы әйнектен жасалады. Онда имам отырады», - деді архитектор.

Автор мешіттің жобасы 9 айда дайын болғанын айта келе, құлшылық үйінің қашан ашылатынын хабарлады.

«Жобаны дайындауға 6 айдан 1 жылға дейінгі уақыт берілді. Ал біз мешіттің жобасын 9 айдың ішінде бітірдік. Ол 9 мамырда пайдалануға беріледі. Құлшылық үйінің сырты мен іші дайын. Бірақ оның маңайында абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажет. Яғни ол жерде ағаш егіп, жол салу керек. Осы жұмыстар аяқталған соң, мешіттің жан-жағы әдемі болады», - деді Сағындық Жанболатов.

Сөз соңында белгілі архитектор «Алланың гүлі» мешіті не себепті ерекше формада салынғанын түсіндірді.

«Аталған жобаны дайындау үшін біз бір команда болып жұмыс істедік. Менің жанымда адамдар болды. Бірігіп шешім қабылдадық. Неге мешіттің пішінін ерекше форматта алдық? Осыған дейін классикалық үлгідегі 10 мешіттің жобасын дайындадық. Тапсырыс берушілер көбінесе классикалық үлгідегі мешітті салып бер дейді. Ашығын айтқанда, одан жалығып кеттік. Мысалы, Қызылорда облысына заманауи символизм және авангард стиліндегі мешіттің жобасын жібердік. Оларға аталған жоба ұнамай қалды. Бірақ бір күні бізге «заманауи үлгідегі құлшылық үйін салып беріңіздерші» деген тапсырыс келді. Қуана келістім. «Алланың гүлі» мешіті еліміздегі бірде бір құлшылық үйіне ұқсамайды», - деп түйіндеді сөзін архитектор.

Оның айтуынша, алғаш бұл жобаны көпшілік түсінбей, таңданыс білдірген. Алайда, жоба қабылданып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан да мақұлданыпты.

baq.kz

Бөлісу: