Астанада Наурызға арналған мюзиклға қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Барша қазақстандықты шуақты мейрам Наурызбен құттықтаймын. Бұл көктемнің, жаңарудың, гүлденудің мерекесі. Бұл мейрамды қуана күтеміз. Күн мен түн теңеледі, қыс аяқталып, көктем мен жаз басталады, бүкіл табиғат жаңарады. Атам заманнан бері біздің халық бұл мерекелерді күткен, біріне бірі қонаққа барған, бар өкпені ұмытқан, ағаш отырғызған, үйінің, ауылының маңын тазалаған, жинастырып, жазға, жаңаруға және Жаңа жылға дайындалған", - деді Президент журналистер алдында сөз сөйлеп.
"Осы жылдардың барлығында біз Қазақстанның әлемдегі абыройы мен даму мәселелерін шешіп келеміз, халық мұның барлығын біледі, қазір біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Әлем өте жылдам өзгереді, индустрия өзгереді, технология өзгереді, өмір өзгереді. Біздің міндетіміз дамыған 30 елдің қатарына кіру, ең бастысы халықтың өмірі. Сол үшін де мен жақында бес бастаманы жарияладым: баспанамен қамту, екіншісі, салықтан босату, жастарымызға қамқор болу, білім беру, жаңа гранттар, жатақханалар құрылысы, Қазақстанды газбен қамту. (...) Мен барша қазақстандыққа береке, бақыт, бірлік, сәттілік және гүлденуді тілегім келеді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Конгресс-орталықта сахналанған жоғары технологиялық музыкалық хореографиялық этно-модерн қойылым "Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел" деп аталды.
Қойылым үш бөліктен тұрды. Ондағы басты кейіпкер Наурыз болды, сонымен қатар, Данышпан және алтын қыран бар. Данышпан Наурыз есімді ұл балаға батасын беріп, алыс сапарға аттандырады: "Саған ерекше міндет артылған, сен сынақтан өтіп, қара күштердің адамдардан ұрлап алған: жылулық, нұр, махаббат, төзімділік және адалдық сынды қасиеттерін босатуға, сөйтіп, халықтың бақыты мен берекесінің құпиясын ашуға тиіссің".
Айта кетейік, негізгі шаралар EXPO маңында ұйымдастырылады.