Оңтүстік Қазақстан облысында «Отырарды қорғау» атты анимациялық фильм көрерменге жол тартты. Тұсауы кесілген туынды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың идеясымен дайындалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақ халқының тарихынан сыр шертетін шығарманың салтанатты тұсау кесер рәсіміне облыс әкімі, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысты. Жиында сөз алған аймақ басшысы фильмді дайындаудағы мақсатына тоқталды.
«Мемлекет басшысы «мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек. Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиялық тәсілдермен де шыққаны абзал» деген болатын. Бұл тапсырма өңірімізде тиісті деңгейде атқарылып келеді. Міне, «Отырарды қорғау» анимациялық фильмі осының дәлелі», - деді Жансейіт Түймебаев.
2D, 3D форматында жасалған туынды өңірдегі туризм саласын дамыту мен Отырар төбенің мәртебесін көтеруге, шетел азаматтарының қызығушылығын арттыруға және көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерді насихаттауға, сондай-ақ көрермендерді патриотизмге баулуға бағытталған. Анимациялық фильмде аты аңызға айналған көне Отырар қаласының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті елін сүйетін екі баланың бастан кешкен хикаялары арқылы суреттеледі. Шығарманы тамашалаған көрермен әлемдегі екінші кітапхана атанған Отырар кітапханасы мен Әбу Насыр әл-Фараби туралы толық мағлұматтарға қанығады. Сондай-ақ жауды күшпен ғана емес, ақылмен де жеңуге болатынын түсінген балалардың ерлігі баяндалады.
Анимациялық фильмнің режиссері әрі бас суретшісі - Азамат Ерназаров, сценарий авторы - Бақытжан Құлжабай, музыкасын жазған - Руслан Шынықұлов, фильмнің директоры - Нұриддин Паттеев. 25 минуттық анимациялық фильмнің алғашқы көрсетілімінен кейін, облыс әкімі жобаға атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, оларды алғыс хаттармен марапаттады.
Айта кетейік, бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімінің тапсырысымен түсірілген жалғыз фильм емес. «САҚ» киностудиясы бұған дейін «Күш атасы - Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт» мультфильмдерін және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикаяны дайындаған болатын. Бұдан бөлек, 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Төле би» 10 сериалы кинохикаясын, «Түркістан», «Оқсыз оқиғасы», «Ордабасы - бірліктің туы» атты анимациялық фильмдерін түсіру жоспарлануда.