06
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Исламофобияға қарсы қару –Құран мен сүннет ілімін жаңғырту

Исламофобияға қарсы қару –Құран мен сүннет ілімін жаңғырту

Ел іші
Жарнама

2 наурыз. АСТАНА. Ummet.kz. Елорданың төрінде бас қосқан мұсылман ғұламалары «Еуразия кеңістігіндегі Ислам өркениеті: өткені, бүгіні және болашағы» атты тақырып аясында сүбелі сөз қозғап, келелі мәселелер көтерді.

Халықаралық форумды ашқан ҚР Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елінде Ислам дінінің түпкілікті орнығуы ғылым-білімнің дамуына, салт-дәстүріміздің қалыптасуына елеулі үлес қосқанын айта келіп,қазіргі таңда 2500 мешіті  бар зайырлы мемлекетімізде  халықтың 60-75 пайызы мұсылман екеніне назар аударды.

«Қазір бірқатар мұсылман мемлекеттері кедейлікпен, халықтың сауатсыздығымен, денсаулық сақтау ісінің артта қалуымен, күрделі демографиялық ахуалымен, лаңкестік сын-қатермен, заңсыз есірткі айналымымен және сыбайлас жемқорлықпен байланысты қиындықтарды бастан өткізуде. Бұл сын-қатерлердің барлығы да имандылық дағдарысынан шығудың идеологиялық және моральдық әдістерін іздестіруді талап етеді. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап іздеуде мұсылман ғұламалары өз қолтаңбаларын қалдырып, білім мен бейбітшілікке деген сүйіспеншілік туралы қасиетті Құран ілімдерін қайта жандандыруға тиіс,» - дей келе Қ.Тоқаев жалған дінді насихаттап жүрген күмәнді уағызшыларға қарсы бірлесе отырып әрекет ету керектігін тілге тиек етті.

133

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз жасаған баяндамасында ежелден ислам дінін ұстанып келе жатқан халықтардың бай мұраларын қайта жаңғырту арқылы ғана қазіргі сын-қатерге төтеп беруге болатынын, осы бағытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеу керектігіне назар аударды.Сонымен бірге жат діни ағымдарға қарсы бірнеше тілде оқулықтар шығару қажеттілігін айтты.

 125

Ал, Түркия Республикасы дін істері басқармасы төрағасының орынбасары, доцент Селим Аргун мұсылман үмбетінің өзара ауызбірлігінің болмауы мұсылман халықтарының арасындағы діни сауатсыздықтың белең алуынан деп көрсетті. «Исламофобия белең алған қазіргі күні Құран мен сүннеттің дұрыс түсіндіріліп-үйретілуі, қоғамға көркем жеткізілуі өте маңызды. Ілімсіз, мәдениетсіз алға жылжу мүмкін емес. Жаһанданған заманда дінімізді барлық жағынан жаңа заманға бейімдеп, түсіндіре алуымыз қажет,» - деп күніміздегі дін ғұламаларының алдындағы жаңа міндетті атап өтті.

123

Бас қосқан дін ғалымдары мен қайраткерлерінің барлығы дерлік мұсылмандардың басын торлаған қара бұлттың негізгі себебі – хақ дініміздің жеткілікті деңгейде, заманға сай насихатталмауында және діни сауаттылықтың төмендеуіне қатысты екеніне тоқталды.

Бірінші рет ұйымдастырылған халықаралық форумды алдағы уақытта да тұрақты өткізу жоспарланып отыр.

«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: