Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен Алсабеков Мұхаммед-Хусейн қажы Османұлы Бас мүфтидің Бас кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
«Алсабеков Мұхаммед-Хусейн қажы Османұлы ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылып, Бас мүфтидің Бас кеңесшісі қызметіне тағайындалсын», – делінген ресми бұйрық мәтінінде.
Алсабеков Мұхаммед-Хусейн қажы Османұлы 1970-1980 аралығында Орта Азиядағы көрнекті ислам ғалымдарынан дәріс алған. Сонымен қатар, діни білімін жетілдіру мақсатында Сирия және Пәкістан мемлекеттерінде халықаралық ислам университеттерінен шариғат және араб тілі факультетін бітірген. Ол 1985 жылы 25 жасында Алматы қаласы орталық мешітіне Бас имам болып тағайындалды.
1990 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылғалы бері М.Х. Алсабеков Қазақ Ислам университетінің тұңғыш ректоры, ҚМДБ төралқасының мүшесі, сондай-ақ 1990 жылдардың басында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы діни бірлестіктермен байланыс кеңесінің, «Алматы-Хельсинки-Париж» атты Арал теңізін құтқару халықаралық комитетінің және адам құқығын қорғау комитеттерінің мүшесі. Еліміздің мұсылмандары атынан Ресей, Кауказ, Орта Азия, Сирия, Сауд Арабиясы Корольдігі, Кипр, Ливан, Түркия, Иран, Пәкістан және т.б мемлекеттерде дипломатиялық қызмет миссияларын атқарды.
ummet.kz