Баспаналы болған қазақтың саны көбейді. «Асар» қайырымдылық акциясы аясында ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы өкілдігі мен облыстық «Зекет» қоры бірлесіп 4 отбасыға тегін үй салып берді, деп хабарлайды muftyat.kz.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу елдімекенінде тұратын жағдайы төмен, өмір тауқыметін тартқан және көпбалалы 4 отбасыға салынған үйлердің кілтін ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы табыс етті.
Бас мүфти баспанаға мұқтаж Асанова Айгерім (5 баласы бар), Оралова Забира (7 баласы бар), Төлегенова Айнұр (5 баласы бар), Батырова Насихат (2 баласы бар) аналарды қоныстоймен құттықтап:
- Діни басқарма дәстүрлі түрде жағдайы төмен, көпбалалы алтын құрсақты, өмір тауқыметін тартқан отбасыларға үй салып беру қайырымдылық жұмысын қолға алуда. Биыл Оңтүстікте 8 үй салынды. Бұл шараларға жергілікті қолы ашық жомарт жандар демеушілік жасады. Мұндай игі істер жыл сайын жалғасын табатын болады» деп атап өтті.
ҚМДБ төрағасы қайырымдылық шара кезінде бұл отбасыларға азық-түлік, үй жиһаздары мен өзге де тұрмыстық қажетті заттарын сыйға тартты.
Жалпы, әрбір отбасыға бөлінген жер телімі 8 сотық, салынған әр үйдің көлемі 120 шаршы метр. Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 280 мың теңгеге әр үйге қосымша жерасты құдық суы тартылды. Сонымен қатар, 273 мың теңгеге бір шақырым жерден 15 бағана орнатылып, электр жарығы тартылды. Салынған әр жеке үйге 7 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды.
Бас мүфти асыл дініміздің өркендеуіне жан-жақты үлес қосып, халықтың әлеуетін көтеруге атсалысып келе жатқан жергілікті қайырымды жандарға айрықша алғысын жеткізді.
ummet.kz