Бүгін ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, "Нұр Астана" орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздің оңтүстік өңіріне жасаған сапарының аясында Шымкент орталық мешітінде "Әйел - Алланың аманаты" тақырыбында жұма уағызын жүргізді.
ҚМДБ-ның бекіткен кестесіне сәйкес, бүгін еліміздің барлық мешіттерінде осы тақырып аясында жұма уағызы айтылған болатын. Жалпы, Ислам дінінде әйелдің мәртебесі асқақ. Бұл туралы қасиетті Құрандағы бүтіндей бір "Ниса" сүресі "әйелдер сүресі" деп аталады.
Наиб мүфти уағыз барысында: "Әйел дегенде ана еске түседі. Асыл дініміз әйелді өз апа-қарындасындай құрметтеуге шақырады. Бұл туралы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Мұсылмандардың ең жақсысы әрі ең абзалы - әйеліне ең жақсы мәміледе, пайдалы болғаны. Сендердің араларыңда әйеліне ең жақсысы, ең қайырымдысы болған менмін" деп өсиет еткен еді. Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқын шектемеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашан да оның орнын жоғары бағалаған. Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттылығымен ұштастыра қарастырған. Әйел затын жат пиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен. Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін дәл Исламдағыдай биіктете алған емес", - деп Шымқаланың орталық мешітінде өткен уағызда осы тақырыпқа кеңінен тоқталып өтті.
Сондай-ақ, осы күні наиб мүфти Шымкент қаласының әкімі, ұлтжанды, елжанды азамат Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахымов мырзамен жүздесіп, әңгіме барысында қаладағы діни тұрақтылыққа, асыл дініміздің дамуына қосып жатқан үлесі үшін, соның ішінде қалалық "Абдул Хамид Қаттани" мешітінің күрделі жөндеу жұмыстарына қосқан үлесі үшін Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы атынан ризашылығын білдірді.
"Нұр Астана" орталық мешітінің
баспасөз қызметі