Жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші, баянды болашақ кепілі. Еліміздің тұрақты да тыныштықта өркендеп дамуы осы болашақ буынға бүгін берілетін дұрыс бағыт-бағдар мен тәлім-тәрбие негізінде болмақ.
Дін қызметкерлері Астана қаласы әкімдігі Білім басқармасымен бірлесе отырып қаладағы жоғары оқу орындарында студент жастармен әртүрлі ауқымдағы кездесулер ұйымдастырып, осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Кезекті кездесу «Көлік және коммуникация» колледжінде ұйымдастырылды. Студент жастарға «әс-Сәлам» мешітінің бас имамы Нұрбол Әбсаттарұлы «Ислам – ынтымақ діні» тақырыбында дәріс оқыды. Бас имам жастарға қазақ халқының тарихымен тамырлас ислам дінінің бейбітшілік пен ынтымаққа, елді бірлікке ғана үндейтінін жеткізді. Сонымен қатар, ислам бейбітшілікпен бірге білімді болуға, ғылым меңгеруге шақыратынын айта келе, студенттерді оқуда озат болып, белгілі бір мамандық пен кәсіпті игеруге күш жұмсауға шақырды. Кездесу соңында студенттер өздерін мазалаған сауалдарға жауап алды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі