Астана қаласындағы Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) іссапары әртүрлі әлеуметтік мекемелерде жалғасын табуда.
Елорда ендігіндегі келесі кездесу РАНТ-ның теолог ғалымы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқановтың қатысуымен «Астана» медициналық университеті ұжымында өтті.
Студенттер мен оқытушылар дәріс залына жиылып, дін маманының насихатына құлақ түрді.
Кездесу барысында Сансызбай Шоқанов зайырлы қоғамдағы діни ұстаным мәселесі, жиһад түсінігі турасында мазмұнды баяндамалар жасады. Бүгінгі бейбіт тіршілікті ұстап, берекелі тұрмыс кешіп отырған Отанымыздың қадір-қасиетіне жетіп, қолда бар бақыт пен нығметті бағалай білуге шақырды. Бүгінгі әлемді дін атын жамылып шарлаған ағымдардың айлалы әрекеттері турасында кеңінен баяндап, шынайы дін зорлық-зомбылыққа емес, тату тіршілік пен береке-бірлікке бастайтынын, мейірімділікке үндейтінін айтты. Кеш соңында студенттер қауымы дін төңірегіндегі сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі