17 қазан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Алматы қаласының жоғары оқу орындары арасында өткен спорттық сайыста Нұр-Мүбәрак университетінің студенттері әдеттегідей жоғары нәтижеге ие болды, деп хабарлайды nmu.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау» атты жоба аясында өткізілген сайысқа 26 команда қатысты. Тартысқа толы додада университеттің намысын қорғаған ұл-қыздар «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып, тұғыр биігін бағындырды.
Атап айтар болсақ, жүгіруден алдына жан салмаған желаяқ Қуандық Бақытберген 400 метр қашықтықта жеңімпаз атанса, жерден кеуде көтеруден Жолдығалиев Аян 2-орын иеленді. Бажен Мағжан гір тасын көтеруде, тартылудан Құрманов Айбек 3-орынды місе тұтты. Эстафеталық сында желаяқтарымыз Қуандық Бахытберген мен Қасенова Бота мәртебелі 2-орынға ие болды.
Тартысқа толы әрі өте жоғары деңгейде өткен додада жалпы есеп бойынша Нұр-Мүбәрак құрамасы 4-орынға табан тіреді.
Ұйымдастырушылар: «Нұр-Мүбарак құрамасы өте мықты жасақталған, ер балалар да, қыз балалар да жоғары көрсеткіш көрсетті, өкініштісі 3-4 ұпай кем айырмашылығы. Бірақ осының өзі жақсы көрсеткіш», - деп жүрекжарды лебіздерімен қанаттандырды.