30 қыркүйек. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Шымкент қаласы Ішкі саясат және дін істері басқармасының «Рухани жаңғыру» кеңсесі мен ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» атты батагөйлер байқауы өтті. Ұлттық құндылық ұлықталған сайыста көпшілік көнекөз қариялардан батаның түр-түрін тыңдады, деп хабарлайды egemen.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Ас қайыру батасынан бастап сәлем бата, қалжа бата, соғым бата, ат қою батасы, беташар баталары самай шашы бурыл тартқан ақсақалдарымыздың аузымен айтылғанда өте әсерлі естілді.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай мұндай ұлттық салт-дәстүрді ардақтап, бата беруді дәріптейтін шараның жастарға берер өнегесі мен тәлімдік мәні өте жоғары екендігіне тоқталды.
Жалпы саны төрт ауданнан сегіз батагөй қария қатысқан дода тартысты өтті. Жарыс нәтижесі бойынша 1-орын (300 мың теңге) Қолдасбек Төлегеновке, 2-орын (250 мың теңге) Исенбек Битаевқа, 3-орын (300 мың теңге) Жұрынтай Әбілдаевқа бұйырды. Қалған бес үміткерге ынталандыру сыйлығы мен алғыс хат табысталды.
Қазыналы аталарымыз бұл жолы барын салды, арасында жастық дәуренін еске түсіріп ән де айтты, би де биледі. Үміткерлерді қолдап келген отбасы мүшелері де болды. Солардың арасында Тәңірберген атаның қос бірдей келінінің сахнада сәлем салып аталарына гүл ұсынғаны көз сүйсінерлік еді.
Мұндай шаралар әрі қарттардың қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуына себеп болса, енді бір жағынан жас ұрпақты ізгілікке, бірлікке шақыруда маңызы зор болмақ дейді шара ұйымдастырушылары.