9 шілде. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Жат дінді қолдаушылар арасында жасөспірімдер жиі кездеседі. Бұл – үлкен мәселе. Балалардың дәл осы жолды таңдауына ең алдымен ортасы және әлеуметтік желідегі түрлі сайттар себеп болып отыр, деп жазады ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Қазір интернет заманы. Әлеуметтік желінің дәуірі жүріп тұрған кезең. Жат ағымды қолдайтындардың үгіт-насихатын үнемі бақылауда ұстау мүмкін емес. Сананы улайтын, теріс пиғылды адамдардың арбауына оқушылар да түсіп жатыр. Болашағына балта шапқалы тұрған балалармен мамандар жұмыс істеп келеді.
«Балаларды үгіттейтін – әлеуметтік желі. Балалар түрлі сайттарға кіреді, оқиды, баласының не оқып жатқанын ата-анасы да білмейді. Мысал ретінде айтайын, Ресейдің Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған, озат студент Варвара Караулова деген қыз болды. Оның ата-анасы да, өзі де мұсылман емес. Бірақ, сол Варвара Сирияға кетіп қалды. Бұл оқиға Рессейде үлкен резонанс туғызды. Әкесі әрең дегенде қайтарды. Сол қыз өткенде жазасын өтеп шықты. Қазір 19 жаста. Мұндай жағдайлар бізде де бар»,-дейді белгілі исламтанушы Асқар Сабдин.
Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасы теріс ағымдағы азаматармен оңалту жұмыстарын жүргізу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыруды қолға алды. Бұған тек теологтар ғана ықпал ете алмайды. Сондықтан, арнайы мамандарды тарту көзделген. Психолог, педагог, ата-ана, құқық қорғау органдары түгелдей атсалысып жатыр. Діни тұрғыдан жүргізілген оңалту жұмысының ықпалы – 20%.
«Мен сөйлесетін адамдардың ішінде мектеп оқушылары мен жасөсіпірімдер бар. Олардың басым бөлігі сол жат ағымда жүрген ата-аналардың балалары. Бірақ, мен ондай балалармен тек ата-аналарының рұқсатымен ғана сөйлесе аламын. Жеке өзім оларды сөзге тарта алмаймын. Себебі, құқығым жоқ. Ата-анасы бізге өтініш жасаса ғана барамыз»,-дейді теолог Асқар Сабдин.
Қазақстандағы ең жас террорист – Сұлтан Қабиев болатын. 17 жастағы жігіт 2016 жылы 5 маусым күні Ақтөбеде орын алған терактіде көз жұмды. Оның бойындағы экстремисттік көзқарас бала күнінен қалыптасқан дейді маман.
«2012 жылы Сұлтанның әжесі Ақтөбе әкімдігіне келіп, көмек сұрады. Менің балам үйде де, мектепте де жоқ, тауып беріңіздер деді. Бір аптадан кейін оқушы табылды. Базарда телефон жөндейтін жігіттің жанында болған. Кейін үйіне апара жатқанда жолда «неге үйден қаштың?» деп сұрадық. Жылап тұрып «менің ата-анам Аллаға серік қосады, қайтыс болған ата-бабаларына құран бағыштайды, сондықтан мен олармен тұрмаймын» деп жылады. Біз ол балаға құран бағыштаудың ешқандай күнә еместігін, керісінше сауап екенін түсіндірдік. Бірақ, қаншалықты түсінді, білмеймін. Негізі ағасы да сотталған терроризм бойынша. Кейін мен «Аруаққа құран бағыштау» деген кітап жаздым. Оны жазуыма дәл осы Сұлтан түрткі болды»,-дейді Асқар Сабдин. Сарапшы, исламтанушы, теологтардың айтуынша, балаларға ең алдымен ата-ана жауапты. Жасөсіпірімдік шақ – ең қауіпті кезең. Дәл осы уақытта абай болған жөн. Балалардың санасын улауға, діни ағымдардың жетегіне кетуіне жол берілмеуі керек. Бұл – қоғам, ұлт, мемлекет, отбасы алдындағы парыз деп түсіну қажет.