25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Асқар Әбітайұлы: Ораза айт - халықтық мереке

Асқар Әбітайұлы: Ораза айт - халықтық мереке

Мешіт тынысы
Жарнама

Асқар Әбітайұлы

ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі,

«Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы

Қадірменді қауым!

Бабаларымыз асыға күтіп, қимай қоштасатын қасиетті Рамазан айының соңғы сәттеріне де келіп жеттік. Алыс-жуықтағы ағайын ай бойы сауабын бір Алладан үміт етіп, өз қалауын тізгіндеп, жаманшылықтардан тыйылып, жақсылықтарда жарысып айырықша бір рухани өзгеріске түсіп, иманын жаңғыртып, жан дүниесін байытты. Енді Ораза айт мерекесі басталады. Баршаңызға Ораза айт мейрамы құтты болғай!

«Айт» сөзі – «хал сұрасу», «мерекелеу», «қуанышқа жиналу» «бір-бірін қуанту» деген мағыналарды білдіреді. Алла Елшісінің (с.ғ.с) өсиеттеріне қарасақ та, Айт мерекесінің мазмұны мерекелік дастархандардан дәм татып ағайын-туысты аралау, қуанышпен жиналып бір-бірінің халін сұрасу, қонақ күту, сырқат жандардың көңілін сұрап,  жоқ-жітік, мұқтаж жандарға көмек қолын созып оларды қуанту екендігі айтылған. Олай болса, айт мерекесі қоғам мүшелерінің қуанышына себепкер болатын әлеуметтік жауапкершілігі де бар айырықша мейрам.

Ардақты ағайын!

Ораза айт мерекесі – Ұлы Далада ежелден аталып келе жатқан халықтық мерекелердің бірі. Біз айт күндері ағайын мен ағайынның, көрші мен көршінің, туыс пен туыстың ынтымақ, бірлігі артып, жарасымды қоғамның, ұлттар достығының нақты, әсерлі мерекелік шараларына көптеп куә боламыз. Бұл Мәңгілік Елдің тұрақты да, баянды дамуы үшін аса қажетті қадамдар болмақ. Ендеше, осы қадамға әрбір азамат өзінің тиеселі үлесін қосса, мұсылманшылық пен адамгершіліктің бір сипаты болмақ.

Құрметті халайық!

Ораза айт мерекесі құтты болсын! Алла Тағала ұстаған оразамызды, ниет, дұға-тілектерімізді, жасаған амалдарымызды қабыл етіп, мол сауаптан жазғай!

Ел іргесі бүтін болып, шаңырақтар шайқалмасын, сәбилердің ұйқысы тыныш болсын. Еліміздің уығы берік, керегесі кең болғай! Әумин!

Бөлісу: