13 Сәуір. Астана. Ummet.kz – Мешіт қызметкерлері жастармен жұмыс жоспарын талқылады деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер», - дей отырып қазіргі заман жастарына мол сенім артатындығын көрсеткен болатын. Қоғамдағы жастар ісі бүгінгі таңда өзекті жұмыстардың бірі болып саналады. Ал, мешіт жастарын ұлттық рухани-адамгершілік тұрғыдан дамыту, дұрыс ақпараттармен қамтамасыз ету, жат ағымның жетегінде кетуден сақтау маңыздылығы айрықша.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешітінде жастар ісін дамытуға арналған жиын өтті.
Жиналысқа «Нұр Астана» орталық мешітінің найб имамы Мамлюк Мусаев, өкілдіктің жастар ісі бойынша жауапты маманы Мақсат Байзақ және Астана мешіттеріндегі жастар ісі бойынша жауапты қызметкерлер қатысты.
Жиын барысында «Астана қаласы өкілдігіне қарасты мешіт жастарын қолдаудың 2018-2019 жылға арналған Жол картасы» талқыланды. Еліміздің мешіттерінде алғаш рет жолға қойылып отырған «жол картасы» алдағы уақытта елордалық мешіт жастарының игілігіне қызмет етуге бағытталған. Бұл құжат 4 негізгі бағыт бойынша жүзеге асады:
1.Мешіт жастарының діни сауаттылығын арттыру;
- Жас отбасы;
- Мешіт жастары бойында жат ағымға қарсы иммунитет қалыптастыру;
- Мәдени және салауатты демалыс.
Жиналыс барысында Мақсат Байзақ:
- Мешіт жастарын діни сауатты, патриот, рухани жетілген, жат ағымға қарсы иммунитет қалыптасқан, белсенді азаматтық позицияны ұстанатын, жалпы адами және рухани құндылықтарға бағдарланған, туған елінің дамуына жауапкершілікпен үлес қосатын жастар ретінде қалыптастыру қажет екендігін атап өтті. Сонымен қатар аталған бағыттардың нәтижелі болуы үшін жол картасын негізге ала отырып, бірлесіп жұмыс атқару керектігін түсіндірді.
Болашақта бұл құжат іс-шаралардың жүйелі түрде жүзеге асуына, өкілдіктің жастар ісі бойынша жұмыс секторының жаңа деңгейге көтерілуіне негіз болмақ.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі