"Астана медресесінде"«Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа форматтағы педогогі» республикалық кәсіби біліктілікті арттыру сабақтары жалғасуда.
ҚМДБ наиб мүфтиі, "Нұр Астана" орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздің түкпір-түкпірінен келген дін саласы оқытушыларының мәдени-рухани демалыс бағдарламасын қолға алды.
12 тамызға дейін өтетін 72 сағаттық семинар аясында қатысушы оқытушылар елорданың көрікті жерлерін, сәулетті нысандарын аралайды.
Экскурсияның алғашқы бағытына сәйкес, республикалық семинар мұғалімдері ҚР Ұлттық музейін тамашалады."Республикалық семинар сабақтары жоғары деңгейде ұйымдастырылған. «QAZSERT» Қазақстан Республикасының сертификаттау, тесттілеу және кәсіптік бағдарлау ұйымдарының қауымдастығының білікті ұстаздары оқыту жоспарында діни білім саласындағы өзекті тақырыптарды қозғап, тәжірибемізді шыңдай түсуде. Бұл шара еліміздің бас қаласы Астанада өтіп жатқаны қуантады. Әсіресе "Экспо-2017" халықаралық көрмесіне тұспа-тұс келіп, тарихи оқиғаның куәсі боламыз.
Алыстан келген бізді жақсы қарсы алып, семинардан тыс демалыс уақытымыздың тиімді өтуіне назар салған "Нұр Астана" орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлына алғыс білдіремін. Астанадан жылы, жарқын естеліктермен оралатын болдық" дейді Павлодардағы "Әбу Бәкр Сыддық" медресесінің директоры Серікбол Аршабаев.Экскурсия барысында семинар қатысушылары ары қарай "Бәйтерек", "ЕХРО", "Ханшатыр" сынды Астананың сәулетті нысандарын аралайды. Еске сала кетейік, кәсіби біліктілікті арттырудың республикалық семинары ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Семинарға Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына қарасты медресе, колледждер мен Ислам институтынан барлығы жетпістан аса ұстаз қатысып жатыр.