25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Күйеуін өзіне қарату үшін арыстанның қылын жұлып әкелген әйел

Күйеуін өзіне қарату үшін арыстанның қылын жұлып әкелген әйел

Исламдағы отбасы
Жарнама

Бір әйел қайтсем күйеуіме өзімді жақсы көргіземін деген ойға қатты беріліпті. Осының жөнін сұрамаққа бір қарияға келіп жүгініпті. Әлгі қарияны, тәуіп, сиқыршы деп ойласа керек, келген бойда күйеуімді бүкіл әйелдерден мені артық жақсы көретіндей етіп беріңіз деп өтінеді.

- Жарайды, - дейді қария әйелге, - бірақ сұрап тұрғаның оңай шаруа емес. Мен қойған шарттарға шыдай алмайсың-ау.

- Жоқ, айтқаныңыздың бәрін жасаймын, - дейді әйел.

- Онда айтқаның орындалсын десең, маған арыстанның жон арқасынан бірнеше тал қылын өз қолыңмен жұлып әкел.

- Бұдан жеңілдеу шартыңыз жоқ па еді? – дейді әйел сасып.

- Жоқ, жалғыз шара осы, - деп қария да қайтпайды.

Әйел әрі ойлап, бері ойлап, жарына деген махаббаты жеңіп шығып, қалайда бұл істі бітіру керектігіне белін бекем буады. Сөйтіп арыстанмен айналысатын мамандарға барып жыртқышқа жақындап бару жайында ойын білдіреді. Мамандардың бірі: «Арыстанның жыртқыштығы көбінесе аш кезде қозады. Тыңқиып тоған шағында қаупі азаяды» деп кеңес береді. Жанкештіленген әйел циркке барып арыстанға ет бере бастайды. Бірнеше ай дегенде арыстан әйелге бауыр басады. Ақыр соңында арқасын сипатып, жонынан бірнеше қылын алуға да мүмкіндік табады.

Мақсатына жеткен әйел салып ұрып әлгі қарияға жетіп келеді. Жүрегі қуанышқа толып, еңбектеніп жүріп ойлағанына жеткеніне мәз-мейрам әйел уысына қысқан бір шоқ қылды қарияның қолына ұстатады. Сонда қария: «Бұған қалай қол жеткіздің? Бұн оңай іс емес қой» деп таң қалады. Әйел бар ынтасымен бірнеше ай бойы басынан кешкендерін, арыстанның жүрегіне қалай жол тапқанын әңгімелеп береді. Ол үшін қанай ықылас, қандай сабыр керек болғанын жеткізеді. Сонда қария тұрып: «Әй, Құдайдың құлы! Сенің күйеуің осы арыстаннан да жыртқыш әрі қанішер ме еді?» деп сұрайды. «Жоқ, әрине» дейді әйел. «Ендеше, арыстанға жұмсаған ақылыңды, сабырыңды, ықыласыңды күйеуіңе көрсет те, жүрегіне жол тап, ырқыңа көндір. Мұндай жанкешті қызметің үшін сені күйеуің әлбетте басқа әйелдерден артығырақ сүйетін болады» деген екен қария берген тапсырмасының мәнін ұқтырып.

материал «Даналық ойдан дән ізде» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: